ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАННЫҢ ГҮЛДЕНУІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ

 

Түрік дүниесінің түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің мәңгілік мекені болған қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Соңғы деректерді келтірер болсақ, халқымыздың Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр. Олардың 21-і хандар, қилы кезеңдерде таққа отырған ұлт асылдары.

Түркістан атауына мұсылман қауымы әрдайым елеңдеп отырады. «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы бабамыз Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз ғасырдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді.

Кезінде Шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темір әулиенің қайтыс болғанына екі ғасыр өткенде қирап бітуге таяған мазар орнынан зәулім ескерткіш-кесене орнатты. Ол осылайша мұсылмандардың ыстық ықыласына бөленген әулие құрметіне ғаламат ғимарат тұрғызу арқылы Ұлы Дала халқының сеніміне ие болды.

Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түрік халықтары кие тұтар қара шаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Күллі мұсылмандар қауымында екінші Мекке саналатын бұл киелі мекен – он бес ғасыр өресінде түрік тектес халықтардың биік парасаты, ой-өресі, ерлік, елдік келбеті, шер-шеменге толы шежіресі жатқан мекен. Өткен ғасырларға зер салсақ, күллі адамзатқа ортақ әлемдік мұраға мол үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Оған тым әріге бармай-ақ әлем мойындаған Қорқыт бабаның, әл-Фарабидің, Махмұд Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Абайдың, Мақтұмқұлидің еңбектерін алсақ та жетіп жатыр.

Түрік халықтары үшін түстіктегі Түркістан қаласының орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түрік халықтарының Атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тарихи дамуда түрік атаулы алып бәйтеректің аясында қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы да басқа тектес халықтардың дербес мәдениеті, әдебиеті, ғылым саласындағы мұралары кең өріс тауып, түрік әлемі деген ұғымның ұшан-теңіз рухани қазынасын қалыптастырады десек, осынау ұлы істе Түркістанның атқарар рөлін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.

Оныншы ғасыр жазбаларында «Шауғар», «Иасы» деген атпен белгілі болып келген қала кейіннен «Түркістан» аталған. «Түрік» сөзінің түпкі мағынасы – «батырлық, ержүректілік» дегенді білдіреді. Ал «стан» – ел, халық атауларына жалғасатын парсы тілінен келген қосымша. Сонда «Түркістан» атауы – «Батырлар елі» ұғымын меншіктейді. Тарихи деректерге жүгінсек, сонау сегізінші ғасырға дейін Түрік және Батыс қағанатының, одан Түркеш қағанатының құрамына енген Шауғар — Иасы жаугершілік заманда бірде арабтардың, бірде қарлұқтардың, енді бірде оғыздардың билігінде болып келген. Есім хан (1598-1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітіп, өз билігінің тәуелсіз екендігін көрсету үшін ақша соқтырған. Міне, содан ХІХ ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығының астанасы, аса әйгілі экономикалық орталықтарының бірі және ресми әкімшілік орны ретінде қызмет етті.

XVI-XVII ғасырларда Түркістан Ресей мемлекетімен саяси қарым-қатынастар орната бастайды. Сол кезден бастап Түркістан туралы деректер орыс жазбаларында да жазылып отырған. Ресей империясының боданында болған қазақ елінің тағдыры тарихтан жақсы белгілі. 1872 жылы қала Түркістан уезінің орталығы болды. Кеңес Одағы кезінде 1928 жылдан аудан орталығы саналды.

Түркістан – түрік жұртының бас иіп, тәу ететін қаласы. Келешекте туристер миллиондап келетін үлкен шаһар болады деген сенімдеміз. 2021 жылғы 31 наурызда «Түркістан – түрік әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық бейресми Саммиті бейнеконференция арқылы өтті. Саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *