ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАННЫҢ ГҮЛДЕНУІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ — 2

 

Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан қаласы Түрік әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Күллі Түрік әлемі халықтарының бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығы мойындалды. Түрік кеңесі Қожа Ахмет Ясауидің ислам құндылықтарын насихаттайтын түрік мектебінің негізін қалаған және бүкіл түрік әлемінде философияның дамуына ықпал еткен көрнекті және рухтандырушы тұлға ретінде қалдырған мұрасын жоғары бағалады.  Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінің «Түркістан — түрік әлемінің рухани астанасы» деген тақырыппен өтуінің өзі түрік әлемінің қастерлі қара шаңыраққа деген айрықша құрметі мен тағзымын айқын танытты. Қазір Қазақ елінде түрік өркениетін жаңғыртуда  Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалып жатыр. Бұл жөнінде Саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақтанышпен айтты.

Киелі мекендегі ұлы өзгерістер көз алдымызда жүзеге асуда. Түркістанда ғажайып мәдени-көпшілік орындар, алып ғимараттар, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, қала сән-салтанатқа бөленуде.    Ынтымақтастық кеңесі бейресми Саммитінде Түркістан Декларациясы  қабылданды. Бұдан асқан қуаныш бар ма! Түріктер Атажұртындағы киелі шаһардың жарқын болашағын көз алдымызға елестетер болсақ, шаттыққа бөленеміз.

2024 жылғы 24 желтоқсанда ҚР Парламент Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген болатын. Маңызды құжатты әзірлеуге Түрік мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түрік дүниесінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін, оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды. Ұзамай-ақ Президент Қ.Тоқаев Заң жобасына қол қойды.

Түркістандық тұрғындар, зиялы қауым бұл тарихи күнді талай жылдардан бері тағатсыздана күткен еді. Ақ түйенің қарны жарылғанда халықтың қуанышында шек болмады. Осы орайда төмендегі мәліметтерді келтіре кету маңызды болмақ: 4 тараудан және 15 баптан тұратын Заң Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді. Заң жобасының негізгі бағыттарында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің жүйесін құру, ұлттық қолөнер шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Сонымен бірге шаһар басшылығы мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша шешім қабылдай алады. Түркістан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа 34 құзырет берілді.

Тағы да ерекше көңіл аударатын жайт сол, 2024 жылы Түркістанға «Түркістан – Түрік әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, туристік және мәдени іс-шаралардың ошағына айналды.

1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек еліміздің ғана емес, бүкіл түрік дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға болды. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті Түрік дүниесіндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университетіне айналды. Қазір Орта Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.

Түркістан облысының дүниеге келіп, ежелгі Түркістанның облыс орталығына айналуы, қаланың бүгінгі таңдағы ғажайыптарға толы сән-салтанаты, түрік әлемінің рухани және тарихи орталығы саналатын шаһардың жаңғырып-жасаруы, көркейіп-гүлденуі, киелі мекендегі берекелі тыныс-тіршілік – Тәуелсіздік тартуы.

Бұл күндері киелі Түркістан ұлы дүрмек құшағында. Даңғыл жолдар, бау-бақ, демалыс аймақтары қызылды-жасылды гүлмен көмкерілген. Бүгін түрік дүниесінің Президенттері Ұлы Дала төріндегі Атажұртта, киелі Түркістанда кезекті Саммитте бас қосуда! Осынау алқалы жиында түрік әлемінің ортақ өзекті мәселелері шешімін табатын болады деп күтілуде.

Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер, бауырлас Президенттер, зиялы қауым!

Сейдулла САДЫҚОВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік

университетінің профессоры, филология (журналистика)

ғылымдарының докторы, Түркістанның Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *