ТҮРКІСТАН: САХНА САҢЛАҒЫ 80 ЖАСТА

 

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті әнші, Қазақстанның халық артисі Қажыбек Құдайбергенұлы Бекбосынов – ұлттық өнердің шынайы жанашыры, сахна мәдениетін биік деңгейге көтерген дара тұлғалардың бірі. Биыл халқымыздың сүйікті өнерпазы 80 жасқа толып отыр. Бұл – тек бір адамның мерейтойы ғана емес, қазақ ән өнерінің мерейлі белесі.

Қажыбек Құдайбергенұлы 1946 жылдың 19 мамырында Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Табиғаты көркем Жетісу өңірінің ән мен күйге бай рухани ортасы оның өнерге жақын болып өсуіне ықпал етті. Жастайынан халық әндерін тыңдап, ұлттық өнерге ерекше ықылас танытқан болашақ әнші кейін Алматы эстрада-цирк өнері студиясында білім алып, кәсіби шығармашылық жолға қадам басты.

1967 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы «Қазақконцерт» бірлестігінде еңбек етіп, қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның сахнадағы әрбір орындауы көрермен жүрегіне жол тауып, халық ықыласына бөленді. 1996 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде әнші болып қызмет атқарып, дәстүрлі ән өнерінің насихатталуына зор еңбек сіңірді.

Қажыбек Құдайбергенұлы Бекбосынов орындаған халық әндері – қазақ руханиятының алтын қазынасы. Ол Мұхиттың, Ақан серінің, Біржан салдың, Әсеттің, Жаяу Мұсаның, Кенен Әзірбаевтың, Естайдың әндерін өзіндік нақышпен орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Әншінің кең тынысты дауысы, сахнадағы табиғи болмысы мен орындаушылық шеберлігі қазақтың дәстүрлі ән мектебінің биік үлгісін көрсетті.

Өнер иесінің шығармашылығында халыққа деген құрмет пен өнерге деген адалдық айқын сезіледі. Ол қай кезде де өнердің тазалығын сақтап, ұлттық ән мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуді басты мұрат санады. Сондықтан да халық арасында оның өнері ерекше бағаланып, зор құрметке ие болды.

1998 жылы Қазақстан Республикасының «Халық артисі» атағына ие болуы – өнер иесінің ел мәдениетіне сіңірген еңбегінің лайықты бағасы.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты әншіге халықтың ықыласы мен құрметі ерекше. Оның өмір жолы – өнерге адалдықтың, ұлт мәдениетіне қызмет етудің айқын көрінісі. Қазақ ән өнерінің өрісін кеңейткен талант иесінің шығармашылығы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

Ардақты өнер иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз. Халықтың сүйікті әншісі ретінде ел ықыласына бөлене беріңіз!

Пирмашова Мөлдір,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының

кітапханашысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *