ТҮРКІСТАН: ТҮГЕЛ ТҮРКІ КӨШБАСШЫЛАРЫН БІРІКТІРГЕН КҮН — 2

 

Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру.  Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек.

Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады. Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады.

 

Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі.

Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын.

Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті».

 

Мемлекет басшысы Габалада өткен басқосуда цифрлық даму және киберқауіпсіздікке қатысты бірқатар бастама көтергенін еске салды:

«Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді.

Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым. Мұндай Кеңес елдеріміздің цифрлық әлеміндегі осал тұстарды анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптің алдын алуға ықпал етеді.

Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады. Аталған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді. Сондықтан осы бағытта тиімді және белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын.»

 

Президент ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды:

«Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.   Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын.

Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады.

Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *