ТҮРКІСТАН: ТҮГЕЛ ТҮРКІ КӨШБАСШЫЛАРЫН БІРІКТІРГЕН КҮН

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзі:

«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы.

Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз.

Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады.

Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым.  Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады.  Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін.

 

Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар.

Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді.

Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды.

Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту. Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін. Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы.

Менің пікірімше, бұл мешітке «Миромон ата» аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз.

 

Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды.

Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткерудеміз.   Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес.   Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады.

Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар.   Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын.

Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты.

Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *