Бүгін еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, түлектердің мектеппен қоштасуы ұйымдастырылуда. Түркістан облысында да бұл күн «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы №28 мектебінде өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Шара барысында ол білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге ақжолтай тілегін жеткізді.
– Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Білім алып, ғылым жолында ізденіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін, – деген Ертай Кенжебекұлы үздік түлектер мен дарынды оқушыларға білім берген озат ұстаздарға құрмет көрсетті.
Аталған білім ордасында 2025-2026 оқу жылын 1761 оқушы аяқтап отыр. Мұндағы балалардың барлығы да талантты, дарынды, білімді. Қазіргі таңда мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. Мұнда 200-ге жуық педагог еңбек етеді. Биыл 11-сыныпты 65 түлек тәмемдаса, олардың ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік атестатқа» үміткер.
Салтанатты шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы түлектерге ақ жол тілеп, болашақ өмірге басқан қадамдары сәтті болуына тілек айтты.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның ішінде 2 416-сы «Алтын белгіге» үміткер болса, 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 31 535 оқушы өтінім білдірген.
Қазығұрт ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі «Білімім Отаныма!» ұранымен салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қарақозы Әбдалиев ауылдық округіне қарасты «Еңбекші» жалпы білім беретін мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысып, ұстаздарға алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Сондай-ақ биылғы оқу жылында жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар мен оқушыларды алғыс хаттармен марапаттады.
– Сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрсыздар. Қай саланы таңдасаңыздар да, адал болыңыздар, елімізге, туған жерімізге аянбай еңбек етіңіздер. Білім – болашақтың кілті. Сондықтан алған білімдеріңізді биік мақсаттарға жету жолында тиімді пайдалана біліңіздер. Ұстаздарыңызды ұмытпай, олардың үмітін ақтаңыздар. Болашақтарыңыз жарқын болсын, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан әкімі мектеп жанынан ашылған шахмат, робототехника және ғылыми бағыттағы үйірмелердің және мұражай жұмысымен танысып, оқушылардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, мектеп басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Еңбекші» жалпы білім беретін мектебі – сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан үлгілі білім ордаларының бірі. Мектеп ұжымы жас ұрпақты заманауи талаптарға сай жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Айта кетейік, Қазығұрт ауданы бойынша 79 мектепте 32141 оқушы білім алуда. Оның ішінде 71 мемлекеттік мектепте – 31283 оқушы, 5 жекеменшік мектепте – 858 оқушы, ал 2 дарынды балаларға арналған мектеп пен №11 санаторий типтес мектепте – 400 оқушы білім алады.
Биылғы оқу жылында 9-сыныпты – 2680 оқушы, ал 11-сыныпты – 2003 түлек тәмамдағалы отыр. Сонымен қатар, “Алтын белгіге” үміткер – 105 оқушы, үздік аттестатқа үміткер – 161 оқушы. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен сапалы білім беру жүйесінің нақты нәтижесі.
Жетісай ауданында да оқу жылының аяқталуын айшықтайтын ең жарқын мерекелердің бірі – соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті. Мектеп қабырғасындағы ең қимас сәттердің бірі саналатын бұл күнде мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, аудан әкімі Серік Мамытов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева Жетісай қаласындағы №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Олардың жарқын болашақтарына сенім білдіріп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында ұстаздардың орны ерекше екенін атап өтті. Барша педагогтарға ризашылықтарын жеткізді.
Аталмыш білім ұясын биыл бітірген 59 оқушының 11-і «Алтын белгі», 16-сы «Үздік аттестат» үміткері. Одан бөлек, 193 оқушы бастауыш сыныпты аяқтаса, негізгі орта мектепті тәмамдаған 162 оқушының 40-ы үздік атанып отыр. Жаңа оқу жылында 170 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ.
Аудан көлеміндегі үздік білім ошақтарының біріне айналған бұл мектеп-гимназияны соңғы бес жылда бітірген 354 түлектің 108-і «Алтын белгі», 81-і «Үздік аттестат» иегері атанған.
Биыл аудандағы 76 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте 45719 оқушы, 1 негізгі орта мектепте 41 оқушы және 11 жекеменшік мектепте 1922 оқушы білім алған. 11228 бітірушінің 3062-сі жалпы орта мектепті бітірсе, 4001 оқушы негізгі орта білім туралы куәлік алады. 4165 оқушы бастауышты аяқтап, келесі білім сатысына қадам басады. 228 бітіруші «Алтын белгі», 247 бітіруші «Үздік аттестат» үміткерлері.
