Түркістанның шығыс қақпасынан қалаға енген жанның назарын ең алдымен аспанмен астасқан алып Тайқазан өзіне аударады. Төрт тараптан келетін жолдардың тоғысқан тұсында бой көтерген бұл сәулеттік нысан жай ғана көркем композиция емес, түркі жұртының ортақ тарихы мен рухани тұтастығын әйгілейтін ерекше белгі іспетті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қасиетті Тайқазанның үлгісімен жасалған алып ескерткіш өзінің көлемімен ғана емес, мазмұндық мәнімен де таңғалдырады. Биіктен көз салғанда айналасының көркем безендірілуі Түркі мемлекеттері ұйымының туын бейнелеп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын паш етеді. Бүгінде бұл орын Түркістанның жаңа келбетін айшықтап қана қоймай, түркі әлемінің жүрегі саналатын қасиетті шаһардың мәртебесін асқақтата түскен тағылымды нышанға айналып отыр. Бұдан бөлек саммит қарсаңында бой көтерген киіз үйлерден жоғарыдан қарағанда Қазақстанның картасы көрінетінін де атап өткен жөн болар. Сонымен, алып, сәулетті Тайқазан жобасын кім жасады деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Сұрағымызға Түркістан қаласы урбанистика орталығы директорының м.у.а. Қалмырза Нұрсұлтан Нұржанұлы жауап берді.
Айта кетейік, бұл тайқазан Түркістан қаласы урбанистика орталығы қызметкерлерінің берлесе отырып жасаған үлкен жобаларының бірі. Композицияның биіктігі 10,4 метрді құрайды. Оның ішінде тұғыры – 2,4 метр, диаметрі – 12 метр. Жобаның басты ерекшелігі — түркі тілдес халықтардың құтты мекені саналатын Түркістан қаласындағы ескерткіш туыс халықтардың ұғымындағы қастерлі белгілері ай мен жұлдыз көрініс тапқан. Оны өзіміздің қазақи нақыштағы ою-өрнектермен көмкердік. Осылайша аталмыш жобаның толық элементтері жүзеге асырылды. Құрылыс металлоконструкция негізінде жүргізіліп, сыртқы бөлігі үлкен болғандықтан оған жеңіл болуы үшін шыныталшықпен қапталып, өңделген. Айта кетерлігі, ескерткіште түпнұсқадағы элементтер толық қамтылған.
— Жобаға атсалысқандар ішінде алдымен мекемеміздің қызметкері Шадияр Өтеген бас жобалаушымыз. Сонымен бірге, Олжас Біттібаев, Абылайхан Адамбек, Ержігіт Тасбауов сынды орталықтағы сәулеткішелеріміз жобаны бірге жасады. Әрине, мұндай үлкен көлемдегі жұмыстар жүргізіліп жатқанда сырт көзге білінбейтін қара жұмыстары болады. Оның үстіне уақыт көлемі де шектеулі. Осы ретте аталған азаматтар уақытпен санаспай ішінара өзгерістер, жобаны жетілдіру секілді мәселелерді ұйымшылдықпен өз деңгейінде атқарды деуіме толық негіз бар. Бұған қоса, тайқазанның осы кейіпін яғни, кескін-келбетін сол қалпында жасауға қызмет еткен тараздық мүсінші Руслан Әлімбеков екенін де айта кеткеніміз жөн. Ол кісі осы жобаны бір ай көлемінде құрастырып берді. Қ.А.Ясауи кесенесінде тұрған түпнұсқа тайқазанның биіктігі 1 метр 60 сантиметр болса, бүгінгі бой көтерген алып жоба сол қалпындағы көшірме ретінде бес есе ұлғайтылып, биіктігі 8 метрді құрады, — дейді Н.Қалмырза.
Қалаға Шымкент қаласы бағытынан кіреберісте орналасқан сәулетті тайқазан көрген жанды ерекше әсерге бөлейді. Түркі мемлекеттерінің бейресми саммиті қарсаңында небәрі екі ай шамасында салынған ескерткіш және мәртебелі қонақтарды қабылдайтын этно ауыл жобасындағы киіз үйлер шаһардың келбетті орындарының бірі болды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, туыс мемлекеттер арасындағы ерекше маңызға ие іс шараның Түркістанда өтуіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қабылдаған шешім аясындағы осынау жұмыстардың басы қасында жүрген, ажарлы орталықтың қалыптасуына мұрындық болған өңір басшылығының бастамасы екені анық. Біз сол үлкен істердің басындағы жауапты тұлғалардан кейін жемісті жобаны іске асыру барысында ірілі-ұсақты тірліктерді іске асырушылардың есімдерін білмек ниетте осы жазбамызды жария еткенді жөн көрдік. Жоғарыдан келген пәрменді ойдағыдай етіп орындау да үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Осы орайда, мақсатымызды тағы бір нақтылап алу үшін Түркістан қаласы урбанистика орталығы директорының м.у.а. Қалмырза Нұрсұлтан Нұржанұлына тағы бір сұрақ қойған едік. Ол өз сөзінде ниетімізге ризашылығын білдіріп, былай дейді:
— Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен екі аптада бір рет сәулеттік жобаларды талқылау бойынша мәжіліс өтіп тұрады. Сол жиында тайқазан жобасы қаралған. Ол жерде бұған дейін тайқазанды орнататын бірнеше орындар қаралды. Солардың арасынан алып тайқазанның қазіргі орнын бекіту жөнінде шешім қабылданды. Осы жобаны іске асыру барысында Түркістан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асановтың және Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ретінде менің, Қазақстанның құрметті сәулетшісі Еркін Жүсіповтің еңбектері бар,- деп негізгі бағдар берген азаматтардың да есімдерін атап өтті.
Түркістан төрінде бой көтерген тағы бір тағылымды нысан – этноауыл кешені екенін жоғарыда атап өттік. Бұл тек туристер тамашалайтын орын ғана емес, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптейтін рухани кеңістік. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, ұлттық мәдениетті насихаттау және заманауи туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында салынған этно-туристік кешеннің басты сәулеттік нысаны – диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метр болатын алып киіз үй. Жалпы аумағы 707 шаршы метрді құрайтын бұл ерекше құрылыс мәдени іс-шаралар, форумдар мен этнофестивальдер өткізуге арналған. Сонымен қатар, кешен аумағында шағын киіз үйлер де орналастырылған. Ұлттық нақыш пен заманауи сәулетті үйлестірген жоба Түркістанды халықаралық деңгейдегі туристік әрі мәдени орталық ретінде дамытуға серпін бермек. Аталған бастамалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте бірнеше мәрте талқыланып, жан-жақты сараланғаннан кейін жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде көне шаһар аз ғана уақыт ішінде жаңа рухани және туристік нысандармен толығып, ажарлана түсті деп айтсақ артық болмас.
«Түркістан-ақпарат»
