ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

 

Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері, спортшылар, жастар және тұрғындар жиналды.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Бұл – ел бірлігі мен мемлекеттік нышандарға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Облыс әкімі арды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл күннің тарихи және рухани маңызына тоқталды.

– 4 маусым – Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдігіміз бен егемендігімізді әлемге танытатын ерекше күн. 1992 жылы дәл осы күні Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ресми түрде бекітіліп, тарихымыздың жаңа парағы жазылды.  Тәуелсіз елі, Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бар біз – бақытты халықпыз! Азат еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіресін! Ел бірлігі нығайып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Көк байрағымыз – бейбітшілік пен азаттықтың белгісі, Елтаңбамыз – ел тұтастығының нышаны, ал Әнұранымыз – халқымыздың асқақ рухының көрінісі. Бүгінде Қазақстанның Көк туы халықаралық ареналарда, Олимпиада төрінде биікте желбіреп келеді. Бұл – азат елдің абыройы мен мәртебесінің айғағы Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халқымыздың рухани тұтастығының символы. Оларды құрметтеу – әр азаматтың абыройлы борышы, – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шарада патриоттық әндер шырқалып, жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Айта кетейік, Түркістан облысында елді отансүйгіштікке шақыратын бастамалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Биыл Мақтаарал, Ордабасы және Сауран аудандарында Рәміздер алаңы пайдалануға берілді.

ТҮРКІСТАН: 512 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ҚР Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан қаласында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Ал, былтыр облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер кілті табысталды.

Түркістандық тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

– Баршаңызды бүгінгі жүректі тебірентер қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалған ерекше мереке. Қазақ халқы «Үйі бардың – күйі бар» дейді. Расында, баспана – әр отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен тыныштығының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты міндет ретінде белгілейді. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін табуда. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, осы жылы 2292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін тағы да 512 отбасының қуанышы еселеніп отыр. Бұл үйлердің жайлы әрі көрікті болуы тұрғындардың өздеріне байланысты. Сондықтан баршаңызды ауланың тазалығын сақтауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын. Өйткені дәл осы аулада өз балаларыңыз өсіп, тәрбиеленіп, алаңсыз ойнайды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет. Шаңырақтарыңыздан шаттық пен береке кетпесін! Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Қаладағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде қоныс тойын тойлап жатқан отбасылардың қатарында әлеуметтік осал топ және көпбалалы отбасылар бар.

2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу және тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бүгін баспана кілтін алған тұрғындар – жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *