«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорға күніне орай Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ауқымды тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және аудан аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында өткен іс-шараға аудан жастары, мекеме қызметкерлері, еріктілер мен тұрғындар белсене қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Тазалық іс-шарасы барысында Сарыағаш қаласындағы «Орталық саябақ» аумағы ретке келтіріліп, бей-берекет тасталған қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, ішкі көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, жол жиектеріндегі шөптер шабылды. Арық-атыз жүйелері ашылып, қураған ағаш бұталары кесілді. Сондай-ақ әктеу және сырлау жұмыстары жүргізіліп, жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қоқыс полигондарына жеткізілді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және тазалық мәдениетін сақтауға шақырды.
Ауқымды тазалық шарасына 500-ге жуық адам қатысып, 14 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бүгінде ауданда санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, 330 көше бойы тұрақты тазаланып, 37 аялдама күтіп-ұсталуда. Сонымен бірге 150 шақырым аяқжолдың тазалығы қамтамасыз етіліп, 40 спорт алаңшасы ретке келтіріліп, 50 шақырым арық-атыз жүйелері жүйелі түрде тазалануда.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорға күніне орай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.
Қазығұрт ауданында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Орталық алаңда салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендерді абаттандыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған маңызды бастама. Бұл игі жоба әрбір азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты аялауға үндеп келеді, – деді аудан әкімі.
Мерекелік жиында аудан басшысы қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Іс-шара барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар жас суретшілер табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау тақырыбында суреттер салып, өз шығармашылықтарын паш етті.
Атаулы күнге орай аудан аумағында ағаш түптерін әктеу, орындықтарды сырлау, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, гүл көшеттерін отырғызу және абаттандыру шаралары ұйымдастырылды. Іс-шараға жалпы 200-ге жуық адам қатысты. Айта кетейік, Қазығұрт ауданында да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында бүгін Жетісай ауданына қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде «Мөлдір бұлақ» акциясы мен «Өзіңнен баста» экологиялық челленджі өтті.
Акция барысында Қызылқұм, Ж.Ералиев, Абай және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында жүргізілген тазалық жұмыстарына мыңнан астам адам мен 13 техника жұмылдырылып, 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі, су қоймасы жағалауындағы тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, арнайы бекітілген аумақтарында жұмыстар жүргізді.
– Қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор, – дейді ұйымдастырушылар. Одан бөлек, күнделікті жүргізіліп отырған сенбілік аясында да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартуда. Сонымен қатар сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазалануда.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатынын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылғанын айтады.
