ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫ

 

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы Ж.Жабаевтың туғанына 180 жыл.

Қазақ халқының рухани мұрасында айрықша орын алатын ұлы тұлғалардың бірі – Жамбыл Жабаев. Биыл қазақтың әйгілі жырауы, суырыпсалма ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл – тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды тарихи әрі рухани мереке. Жамбыл есімі – халық поэзиясының, әділ сөздің, елдік рухтың символына айналған ұлы мұра. Жамбыл Жабаев 1846 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл тауының баурайында дүниеге келген. Ақынның есімі туған жерімен байланысты қойылған. Жастайынан домбыраға әуес болып, халық әндері мен жырларын тыңдап өседі. Оның ақындық қабілетін алғаш танып, батасын берген ұстазы – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы. Сүйінбай Жамбылға: «Халықтың сөзін сөйле, шындықты айт» деп өсиет қалдырған. Осы өсиет Жамбыл шығармашылығының негізгі бағытына айналды.

Жамбыл – қазақтың айтыс өнерін биік деңгейге көтерген саңлақ ақындардың бірі. Ол Құлмамбет, Сарбас, Досмағамбет сияқты ақындармен айтысып, өзінің тапқырлығымен, шешендігімен, терең ойымен елге танылды. Оның жырлары халықтың мұң-мұқтажын, ел бірлігін, ерлік пен адамгершілікті дәріптеді. Ақындық даңқы елден-елге жайыла береді Сарыбас, Доспанбат, Бөлтірік, Шашубай, сияқты ақындармен де айтысып, оларды да жеңіп жүреді. Жамбыл  айтыс ақыны ғана емес, ол сонымен бірге эпикалық дастан қиссаларды көп айтқан жырау. Ол «Көрғұлы», «Асанқайғы», «Алпамыс», «Мың бір түн», осындай эпос хикаяларды талай рет таң бозарып атқанша жырлап, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырған жыршы.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың шығармашылығы жаңа биікке көтерілді. Оның «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі қоршауда қалған қала тұрғындарына ерекше рух беріп, бүкіл елге кеңінен тарады. Бұл шығарма ақынның ел тағдырына бейжай қарамайтын, халқының қайғысын жүрегімен сезінетін нағыз халық ақыны екенін дәлелдеді. Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры соғыс жылдарында қазақша, орысша барлық газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күш-қуат берген жырының бірі. «Ұлы Отан соғысы тарих бетінде өшпес із қалдырып, соғыс тақырыбына қалам тартпаған ақын-жазушылар кемде-кем шығар. Бұл өлең 1941 жылы, Ленинград жау қоршауында қалған кезде шығарылған.

Жамбыл Жабаевтың поэзиясында халықтың тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық рухы терең көрініс тапқан. Оның шығармалары бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Жамбыл жырларының құндылығы – олардың шынайылығында, халық өмірімен тығыз байланысында. Жамбыл өзінің «Одақ» атты өлеңінде Отанымыздың алып бейнесін табиғатын ерекше шабытпен жырлайды. Ақын өзінің шын жүректен жарып шыққан, отаншылдық сезімге толы өлеңдермен жауынгерлерге, халыққа күш қуат берді.

180 жылдық мерейтой – ұлы ақын мұрасын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттайтын маңызды кезең. Бүгінде елімізде Жамбыл есімімен аталатын облыс, аудан, көшелер мен мектептер бар. Ақынның әдеби мұрасы ғылыми тұрғыдан зерттеліп, шығармалары бірнеше тілге аударылған. Әдебиетші ғалымдарымыз Жамбыл творчестовасын зерттей, талдай отырып, оған көптеген ғылыми еңбектер арнады. Көптеген шет елдердің алдыңғы қатарлы, прогресшіл қайраткерлері Жамбылды елдің жалынды жыршысы деп таныды. Жамбылдың көптеген өлеңдері СССР халықтары тілдеріне сонымен бірге ағылшын, француз, неміс, испан, венгер, тілдеріне аударылды. Жамбыл-озат совет әдебиетінің ірі өкілі.

Қуанышбек Ақнұр,

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *