Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды.
«Туристік саланы дамыту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол үшін жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Шетелдік келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың адамға артып, 15,7 млн адамға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады
