Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінде пара дзюдодан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Жарысқа еліміздің 12 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысып, J1 және J2 санаттары бойынша татами төрінде өзара мықтыны анықтады. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР пара дзюдо федерациясының президенті Өмірзақ Маратұлы, пара дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы белдесулер барысында Түркістан облысының балуандары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының директоры Сабыржан Қалдыбекұлы жетекшілік ететін команда жарыста табысты өнер көрсетіп, өңір қоржынына бірнеше жүлде салды. Қазақстан кубогының қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Ел кубогында топ жарған спортшылар алдағы халықаралық жарыстарда ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
