Қазығұрт ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осыған орай аудан әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен «Тұрбат» агроиндустриалды аймағында салынып жатқан жылыжай кешенінің құрылыс алаңында болып, жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Жобаның жалпы аумағы 60 гектарды құрайды. Оның 52 гектары өндірістік мақсатта пайдаланылмақ. Инвестициялық жобаның жалпы құны — 3,8 миллиард теңге. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаждау және инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, электр желілерін тарту, суқоймаларын бетондау және өзге де дайындық жұмыстары атқарылуда. Жобаны жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарланған.
Нысанды аралау барысында аудан әкімі жауапты мамандармен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, жобаның аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жылыжай кешені толық іске қосылғаннан кейін 130 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
