СОЗАҚ: АУДАН БАСШЫСЫ ҚЫЗЕМШЕК КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Осы бағытта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентінің тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, кенттің бүгінгі жағдайы мен алдағы даму жоспарларын кеңінен талқылады.

Кездесу барысында аудан басшысы Қыземшек кентінде биыл жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға тоқталып, тұрғындарды нақты жоспарлармен таныстырды. Атап айтқанда, кент ішіндегі бірқатар көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл қатарда Атауы жоқ №1, Көкжиек және Көкорай көшелері, сондай-ақ Тайқоңыр елді мекеніндегі Атауы жоқ №2 және Ақбикеш көшелері қамтылатын болады. Аталған жұмыстар көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар кенттегі жылу және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де назарға алынды. Мазут сақтау қоймасын қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізу және сарқынды су құбырларын жаңарту жоспарлануда. Бұл жобалар кенттің коммуналдық жүйелерінің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбекұлы өз сөзінде Қыземшек кентінің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

— «Қыземшек кентінің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртып келеміз. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында кент әкімі Марс Әбіл атқарылған жұмыстар бойынша жан-жақты баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, өзекті мәселелер көтерілді. Аудан басшысы әрбір өтінішті назарға алып, оларды тиісті сала мамандарымен бірлесіп қарастыру және шешу жолдарын қарастыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Жиын соңында азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындардың өтініштері тіркеуге алынды.

Айта кетейік, өткен жылы Қыземшек кентінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағытта бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Орталық көшеде шағын футбол алаңы салынып, №20, №22 және №23 тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шұғыла көшесі мен 2-ші мөлтек ауданда да жаңа ойын алаңшалары орнатылып, балалар мен жасөспірімдерге қолайлы орта қалыптастырылды.

Кент әкімдігі аппараты жанынан жаңа шағын футбол алаңы ашылып, 1-2 мөлтек аудандарда воркаут алаңдары салынды. Мектепке апаратын бағытта велосипед жолағы бар жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қауіпсіз қозғалыс инфрақұрылымы жетілдірілді.

Сондай-ақ №20 және №21 тұрғын үйлер маңындағы аллеялар абаттандырылып, тротуарлар жаңартылды. Орталық саябақта 1000 шаршы метрден астам аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолдарына жаңа плиткалар төселді. Бұдан бөлек, баскетбол алаңы мен жаяу жүргіншілер аймақтары жөндеуден өтіп, қоршаулар жаңартылды.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атауы жоқ айналма жол, Сарыарқа және Шұғыла көшелеріне жарық шамдары орнатылып, Тайқоңыр елді мекеніндегі Ақжайық көшесі толықтай жарықтандырылды. Бұл шаралар кенттің қауіпсіздігі мен көркіне айтарлықтай серпін берді.

Жалпы алғанда, Қыземшек кентінде атқарылып жатқан және жоспарланған жобалар елді мекеннің инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және заманауи талаптарға сай қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *