Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарының бірі – етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жобалар өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен кең жайылымдық әлеуетін тиімді пайдалануға, сондай-ақ отандық ет өндірісінің көлемін арттыруға бағытталған.
Осы мақсатта аудан аумағына «Каз плем завод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 1 474 бас «Калмық» тұқымды асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал әкелінді. Оның ішінде 1 245 бас аналық мал, ал 229 басы өткен жылғы төлдер болып табылады. Бұл – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі, себебі аналық мал басының артуы болашақта төл санының тұрақты өсуіне тікелей ықпал етеді.
Әкелінген мал басын орналастыру және жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында шаруашылыққа ауданның арнайы жер қорынан Бетпақдала аумағынан 5 000 гектар жайылым жер бөлініп берілді. Сонымен қатар орман қоры санатындағы жерлерден қосымша 9 000 гектар жайылым алқабы бойынша келісімшарт жасалып, малдың табиғи ортада еркін жайылуына және азықтық базамен толық қамтамасыз етілуіне жағдай жасалды. Қазіргі таңда барлық мал басы ауданға ресми тіркеліп, ветеринариялық есепке алынған.
«Каз плем завод» ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы, Арыс қаласында құрылған. Серіктестік өз қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағыттап, өңірлердің жайылымдық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақсатында кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Аудан аумағындағы Бетпақдала өңіріне қоныс аудару арқылы шаруашылық шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген етті бағыттағы мал өсіру ісін қарқынды дамытуға мүмкіндік алып отыр.
Асыл тұқымды «Калмық» ірі қара малы – етті бағыттағы жоғары өнімді тұқымдардың бірі. Бұл мал түрі шөл және шөлейт климаттық жағдайларға бейімделген, қатаң ауа райына төзімділігімен және табиғи жайылымды тиімді пайдалану қабілетімен ерекшеленеді. Сонымен қатар салмақ қосу көрсеткішінің жоғары болуы мен ет сапасының жақсы болуы оны өндірістік мал шаруашылығында тиімді тұқым ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Шаруашылық өкілдері мал басын одан әрі ұлғайту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытында жоспарлы жұмыстарды жалғастырып келеді. Серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлының айтуынша, кәсіпорын 2020 жылдан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын жүйелі түрде дамытып келеді. Оның сөзінше, бүгінде әкелінген мал толықтай ауданға тіркеліп, өндірістік айналымға енгізілген.
– «Біздің негізгі мақсатымыз – асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы ет өндірісінің көлемін арттыру. Алдағы уақытта мал басын тағы 1 500 басқа ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық мал басын көбейту арқылы өнімділікті арттырып, ал аталық малдарды 4 жастан бастап экспорттық бағытқа шығаруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылдың басынан бері ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында 10 365 келі тірі салмақта ет өнімдерін өткіздік», – дейді ол.
Шаруашылықта малдың өнімділігін арттыру мақсатында ветеринариялық бақылау, селекциялық жұмыстар және жайылымдарды тиімді пайдалану бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл ретте мамандар асыл тұқымды мал басының көбеюі тек шаруашылықтың ғана емес, жалпы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетіне оң әсер ететінін атап өтеді.
Жобаның іске асырылуы Созақ ауданының мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Кең жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, асыл тұқымды мал басын көбейту және ет өндірісін ұлғайту арқылы ауданның ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жол ашылып отыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса бермек.
