Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету және тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында жоспарлы кездесулер жалғасуда. Осыған орай аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттарын кеңінен талқылады.
Кездесу барысында округ әкімі Манас Тлеулинов атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндама жасап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі жетістіктеріне тоқталды. Өз кезегінде аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы биыл жүзеге асырылатын жобалар мен алдағы жоспарларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, ауданның даму қарқынын арттыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Әрбір бастама тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екені де баса айтылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, ауыл тұрғындары округте атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Тұрғындар елді мекеннің көркеюіне бағытталған бастамаларды қолдайтындарын білдіріп, ауыл ақсақалдары ел бірлігі мен берекесіне ақ баталарын берді.
Биыл Тасты ауылдық округінде бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы толық аяқталып, елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар А. Бейсенбаев және А. Иманов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Атауы жоқ №4, Жібек жолы, Бейсенбаев-2 және Атауы жоқ №5 көшелері ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл жобалар ауыл ішіндегі көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кету керек, өткен жылы Тасты ауылдық округінде ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Ауыл әкімдігінің жаңа ғимараты салынып, елді мекеннің әкімшілік әлеуеті артты. Балалар ойын және воркаут алаңдары орнатылып, ауыл кіреберісіне бейнебақылау камералары қойылды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және жастарға қолайлы орта жасауға ықпал етті.
А. Бейсенбаев көшесінде жабық футбол алаңы бой көтеріп, ауыл жастары үшін спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндік ашылды. Сонымен бірге «Созақ–Тасты–Қылти» автожолының құрылысы толық аяқталып, Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне асфальт төселді. Бірқатар ішкі көшелерге қиыршық тас төселіп, жол сапасы айтарлықтай жақсарды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында көше жарықтандыру жүйесі толық жаңартылып, округ 100 пайыз жарықшаммен қамтамасыз етілді. Бұл ауылдың түнгі қауіпсіздігін арттырып, көшелердің көркін жақсартты. Сонымен қатар воркаут және балалар ойын алаңдары салынып, «Мен өз елімді жақсы көремін» монументі мен LED экран орнатылды. Мәдениет үйі жанынан жаңа сквер салынып, ауыл кіреберісіндегі арка абаттандырылып, елді мекеннің сәулеттік келбеті жаңартылды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір көтерілген сұрақты назарға алды. Түйткілді мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
Жалпы алғанда, Тасты ауылдық округінде атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және елді мекеннің келбетін жақсартуға бағытталған.
