СОЗАҚ: ШУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

 

Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, ауылдың бүгінгі ахуалы мен алдағы даму жоспарларын кеңінен талқылады.

Кездесуге ауыл ақсақалдары, белсенді тұрғындар және жергілікті қоғам өкілдері қатысып, өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Ашық форматта өткен жиында тұрғындар елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Аудан әкімі өз сөзінде округте жүзеге асқан және алдағы кезеңге жоспарланған жобаларға жан-жақты тоқталып, аудан көлемінде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық бастамалар туралы ақпарат берді. Ол әрбір жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендердің келбетін жақсарту екенін атап өтті.

Жиын барысында округ әкімі Данияр Досымбеков 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім және құрылыс бағытындағы негізгі нәтижелерге тоқталды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобаларға дайындық барысы таныстырылды.

Биыл Шу ауылдық округінде бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы толық аяқталып, елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар А. Иманов, С. Мұханов, Айтеке би–Сәтбаев арасы, Абай, Наурыз, Б. Серікбаев және Г. Мүсірепов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар нәтижесінде округтің ішкі жол инфрақұрылымы толықтай жаңартылып, 100 пайыз асфальтпен қамту деңгейіне қол жеткізу көзделуде.

Өткен жылы да Шу ауылдық округінде ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Жабық шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, ауылдық клуб, спорт және балалар ойын алаңдары жөндеуден өтті. Орталық саябақ толықтай абаттандырылып, ауыл кіреберісіне сәулеттік арка орнатылды. Сонымен қатар кіреберіс жолдар жарықтандырылып, LED экран қойылып, заманауи ақпараттық жүйе іске қосылды.

Бұдан бөлек бірнеше көшеге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Ауыл көшелерінің барлығы дерлік түнгі жарықшаммен толық қамтамасыз етіліп, елді мекеннің қауіпсіздігі мен көркі айтарлықтай жақсарды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.

Кездесу барысында тұрғындар атқарылған істерге ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысына алғыстарын жеткізді. Сонымен бірге ауылдың дамуына қатысты өз ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін ортаға салды. Әрбір мәселе назарға алынып, тиісті салалармен бірлесе қарастырылатыны айтылды.

Жиын соңында аудан әкімі бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы сұрақтарына жауап берді. Көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жалпы алғанда, Шу ауылдық округінде атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *