СОЗАҚ: БАЛДЫСУДА «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ҚҰРЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАР КӨГАЛДАНДЫРУ ІСІН ҚОЛҒА АЛДЫ

 

Созақ ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны жақсарту, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы игі бастаманың жарқын көрінісі ретінде Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді мекенінде күре жол бойын көгалдандыруға бағытталған «Жасыл белдеу» жобасы қарқын алды.

Ауыл тұрғындары ортақ іске ұйымшылдық танытып, жолдың екі қапталын көгалдандыру жұмыстарын бірлесе атқаруда. Жоба аясында жолдың бір жағалауына шырша көшеттері отырғызылса, екінші бетіне қара ағаш егілуде. Алдағы кезеңде бұл аумақты түрлі жеміс ағаштарымен толықтыру жоспарланған. Отырғызылған көшеттердің барлығы арнайы шарбақпен қоршалып, олардың өсуіне қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар суару жүйесін тиімді ұйымдастыру мақсатында тамшылатып суару технологиясын енгізу көзделіп, осы бағытта арнайы ұңғыма құдығы қазылған.

Аталған игі іске ауыл ақсақалдары мен жастар бірдей атсалысып, туған жерді көркейтуге деген ортақ жауапкершілік танытуда. Ауылдың құрметті ақсақалы Тоқтарбай қажы Молдабеков жастардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, мұндай бастамалардың ел бірлігін нығайтып, табиғатқа жанашырлық сезімді арттыратынын атап өтті. Ол өз сөзінде туған жерді көркейту – әр азаматтың қасиетті парызы екенін айтып, ақ батасын берді.

Балдысуда қолға алынған бұл бастама тек бір ауылмен шектелмей, бүгінде көрші Абай және Қарабұлақ ауылдарында да жалғасын тауып отыр. Бұл елді мекендердің тұрғындары да кіреберіс жол бойларын қоршап, әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Осылайша «Жасыл белдеу» жобасы аудан көлемінде кеңінен таралып, ортақ экологиялық қозғалысқа айналуда.

Айта кету керек, «Жасыл белдеу» жобасы аудан әкімі Мұхит Тұрысбекұлының бастамасымен 2022 жылы Шолаққорған–Түркістан бағытындағы күре жол бойында алғаш рет жүзеге асырылған болатын. Содан бері бұл бастама жыл сайын кеңейіп, жаңа аумақтарды қамтып келеді.

Биылдың өзінде аталған жасыл аймақ тағы 3 шақырымға ұлғайып, шамамен 6000-ға жуық тал көшеті отырғызылды. Қазіргі таңда жасыл белдеудің жалпы ұзындығы автожолдың екі қапталымен есептегенде 15 шақырымға жетіп отыр. Осы уақытқа дейін бұл аумақта 30 мыңнан астам ағаш көшеті егілген.

Алдағы кезеңде жоба аясын одан әрі кеңейтіп, көгалдандыру белдеуін Қаратау баурайына дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл бастама тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар ауданның сәулеттік келбетін көркейтуге, жол бойындағы микроклиматты қалыптастыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бүгінде «Жасыл белдеу» жобасы халық тарапынан кең қолдау тауып, көптеген елді мекендерде үлгі ретінде қабылданып, кең көлемде жалғасып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *