СОЗАҚ: СЫЗҒАНДА СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

 

Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және тұрғындармен ашық диалог орнату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен ашық кездесу өткізді.

Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Ашық форматта өткен жиында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, елді мекеннің дамуына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Ақ кимешек киген ауыл әжелері кездесудің ерекше көрінісіне айналып, ел бірлігі мен ынтымағын айшықтады. Қариялар ауылда атқарылып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Ауыл тұрғындары бұған дейін көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын және бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асқанын атап өтті. Округ әкімі Базар Жаппарқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, қол жеткізілген нақты нәтижелерді баяндады.

Бүгінде Сызған ауылдық округінде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сызған ауылына кіреберіс жол бойындағы су өткізгіш құбырларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Өткен жылы округте бірқатар ауқымды жобалар толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, ұзындығы 13,3 шақырымды құрайтын «КХ-110» бағыты бойынша Қозмолдаққа дейінгі облыстық маңызы бар автожол толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл көлік қатынасын едәуір жақсартып, ауылдардың байланысын нығайтты.

Сонымен қатар Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңы жаңартылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды. Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелеріне 2,3 шақырым жаңа аяқжол төселіп, жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастырылды.

Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жаңа ойын алаңшалары салынды. Сондай-ақ Қозмолдақ ауылындағы Қ.Рүстемов көшесінде заманауи воркаут алаңы бой көтеріп, жастар спортының дамуына серпін берді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қайнар ауылындағы үш көшеге – Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырым асфальт төселіп, ауылішілік жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды.

Көшелерді жарықтандыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып, Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде 12,9 шақырым көше жарығы орнатылды. Бұл тұрғындардың түнгі қауіпсіздігін арттырып, елді мекендердің көркін жақсартуға ықпал етті.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қозмолдақ ауылында жабық футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар округ аумағында төрт бірдей көпірдің құрылысы жүргізіліп, көлік қатынасы жеңілдетілді. Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір мен Т.Төреханов және Е.Алдасүгірұлы көшелеріндегі өткелдер ел игілігіне қызмет етуде.

Мәдениет саласында да оң өзгерістер байқалады. Ауылдық клубқа жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары мәдени іс-шараларды өткізу сапасын арттырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, Сызған ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *