Созақ ауданында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте Қаратау ауылдық округінде биыл да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, ауылдардың келбетін жақсартуға бағытталған нақты қадамдар қолға алынуда.
Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков округ тұрғындарымен өткен кездесу барысында кеңінен мәлімдеді. Жиында ауылдардың даму қарқыны, инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Атап айтқанда, Ақсүмбе елді мекеніне кіреберістегі жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын KXSZ-12 «Созақ–Бақырлы–Ақсүмбе» бағытындағы күре жолдың жөндеу жұмыстары толық аяқталып, көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолайлылығы айтарлықтай артады деп күтілуде. Бұл жоба ауыл тұрғындарының аудан орталығымен және көршілес елді мекендермен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Бақырлы елді мекенінде жалпы ұзындығы 4,36 шақырымды құрайтын бірнеше көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Тұяқбаев, Е.Домбайұлы, Әбдішүкіров, А.Құнанбаев, Қалмырзаұлы және Шериздианұлы көшелері жаңартылып, жол сапасы кезең-кезеңімен жақсарады. Ал Ақсүмбе ауылындағы Ақбикеш көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі жол инфрақұрылымы ретке келтіріледі.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысып, округтің даму барысына қатысты нақты мәселелерді талқылады. Кездесу барысында округ әкімі Сәулет Естауов өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Аудан басшысы өз сөзінде елді мекендердің дамуында инфрақұрылымдық жобалардың стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыз су жүйесін жаңарту, жол сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу және ауылдарды абаттандыру – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы негізгі басымдықтардың бірі.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін еркін түрде жеткізді. Ауыл азаматтары жұмыспен қамту, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау бағытындағы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Барлық көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, өткен жылы Қаратау ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Бақырлы елді мекенінде тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамту жобасы іске асырылып, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Волковгеология» АҚ демеушілігімен 180 және 780 метр тереңдіктегі екі ұңғыма қазылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өрт сөндіру бекеті мен мал тоғыту орны салынды. Округ аумағындағы елді мекендердің ішкі көшелері толықтай жарықтандырылып, 100 пайыз көше жарығы қамтамасыз етілді. Бұл ауылдардағы қоғамдық қауіпсіздік пен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға үлкен серпін берді.
Бұдан бөлек, Ақсүмбе және Сарыжаз ауылдарында балалар ойын алаңдары мен шағын футбол алаңдары салынды. Қаратау ауылдық мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өткізіліп, Жиенбет батыр көшесіне заманауи LED экран орнатылды. Бұл жұмыстар ауылдардың әлеуметтік-мәдени дамуына жаңа серпін берді.
Жалпы алғанда, Қаратау ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жобалар ауыл инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
