Созақ ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту және жасыл аймақтарды ұлғайту бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Осы бастамалардың бірі ретінде Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағы кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді.
Биыл аталған жасыл аймақ қосымша 3 шақырымға ұлғайтылып, көгалдандыру жұмыстары жаңа қарқын алды. Жоба аясында бүгінгі күнге дейін 3000-ға жуық тал көшеттері отырғызылып, олардың жерсінуі мен күтіп-бапталуына ерекше назар аударылуда. Алдағы кезеңде тағы 3000-нан астам көшет егу жоспарланып отыр. Бұл ауданның жасыл желек қорын едәуір арттырып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, кеңейтілген аумақтың сақталуы мен көшеттердің зақымданбауы үшін арнайы қоршаулар мен шарбақтар орнату жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл шаралар жасыл белдеудің ұзақ мерзімді экологиялық тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, қазіргі таңда Шолаққорған–Түркістан автожолының екі қапталында жалпы ұзындығы 15 шақырымды қамтитын ірі жасыл белдеу қалыптасқан. Осы аумаққа бүгінге дейін 25 мыңнан астам тал көшеті отырғызылып, жол бойы табиғи ландшафтпен көмкерілген экологиялық дәлізге айналуда.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков көгалдандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, жасыл аймақтарды дамыту, суару жүйелерін жетілдіру және көшеттердің күтімін күшейту бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Әрбір отырғызылған ағаштың жерсінуі мен сақталуы – ерекше назарда.
Жалпы, «Жасыл белдеу» жобасы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы, көрікті әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Бұл игі іс Созақтың табиғи келбетін көркейтіп, болашақ ұрпаққа жасыл әрі таза орта қалдыруға негіз болуда.
