Су ресурстары және ирригация министрлігі қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және су тапшылығының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта су жіберу жұмыстары.
Бүгінде Созақ ауданына экологиялық қажеттілік үшін 1,5 млрд текше метрге жуық су жеткізілді. Бұл – өңірдің табиғи жағдайын жақсартуға, экожүйенің тұрақтылығын сақтауға және қоршаған ортаға түсетін кері әсерді азайтуға бағытталған маңызды қадам.
Шу өзенінің суының келуі Созақ ауданы үшін тек табиғи орта тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік және экономикалық жағынан да үлкен маңызға ие. Су көлемінің артуы өзен маңындағы жерлердің жағдайын жақсартып, құм мен тұзды шаңның көтерілуіне тосқауыл болады. Сонымен қатар жайылымдардың табиғи қалпына келуіне, мал шаруашылығы үшін қажетті жем-шөп қорының молаюына мүмкіндік береді.
Экологиялық су жіберудің тиімділігін арттыру және судың жол бойындағы шығынын азайту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрінің тапсырмасымен Фурманов айналма каналында ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 120 шақырым, ені 30-40 метр болатын бұл канал соңғы 40 жыл ішінде алғаш рет толық механикалық тазалаудан өтті.
Каналдағы жөндеу және тазарту жұмыстары былтыр шілде айында басталып, желтоқсан айының соңында аяқталды. Нәтижесінде су өткізу қабілеті жақсарып, экологиялық бағытта жіберілген судың аудан аумағына тиімді жетуіне жағдай жасалды.
Фурманов айналма каналы Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерінің аумағымен өтеді. Оның қазіргі су өткізу қуаты секундына 45-50 текше метрді құрайды. Бүгінде Фурманов гидроторабы арқылы Шу өзеніне секундына 105 текше метр су жіберілуде. Оның 38 текше метрі арнайы канал арқылы Созақ ауданына бағытталып отыр.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл – көптен күткен жаңалықтардың бірі. Себебі аудан халқы табиғи су көздерінің тұрақтылығын бұрыннан күтіп келген. Созақ ауданының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы болғандықтан, су ресурстарының жеткілікті болуы өңірдің дамуына тікелей әсер етеді.
Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиевтің айтуынша, Шу өзені арқылы келетін су аудан тұрғындары үшін аса қажет.
«Созақ ауданының тұрғындары судың келуін көптен бері армандаған болатын. Ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан, Шу өзені арқылы келетін су біз үшін өте маңызды. Себебі мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп дайындау қажет. Сонымен қатар бұл судың экологиялық маңызы да жоғары. Егер өзен суы болмаса, оның табанынан тұз бен сор көтеріліп, қоршаған ортаға және халық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін», – деді ол.
Су деңгейін тұрақты бақылау үшін жергілікті тұрғындардың ұсынысы бойынша «Қазсушар» РМК «Су-метрология» филиалының мамандары арнайы гидрометриялық рейка орнатты. Бұл құрылғы арқылы су деңгейі мен ағын көлемін бақылау мүмкіндігі артты.
Қазіргі таңда су ағыны Созақ ауданындағы Тасты елді мекені арқылы өтіп, қосымша 12 шақырымнан астам жолды еңсерді. Мамандардың айтуынша, жүргізілген жұмыстардың арқасында су шығыны азайып, оның белгіленген аумақтарға тиімді жетуі қамтамасыз етілді.
Жергілікті тұрғындар да атқарылған жұмыстардың нәтижесін оң бағалап отыр. Созақ ауданының тұрғыны Алтай Сәрсеннің айтуынша, Фурманов айналма каналын тазарту жұмыстары су жеткізу сапасын айтарлықтай жақсартқан.
«Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Фурманов айналма каналын тазарту жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде бізге су тұрақты түрде келіп жатыр. Су каналдың соңына дейін жылдам әрі ысырапсыз жетуде. Қазіргі таңда экологиялық мәселелердің азайғанын, тіпті кейбірінің толық шешілгенін байқауға болады. Бұл жұмыстар үшін халық атынан алғыс білдіремін», – деді ол.
Айта кетейік, су ресурстарын тиімді пайдалану және энергетикалық әлеуетті арттыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі бірнеше облыстағы су қоймаларында шағын су электр станцияларын салу жобаларын да қарастыруда. Бұл бастамалар еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға және өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған.
Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан экологиялық су жіберу жұмыстары – табиғатты қорғау мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Алдағы уақытта бұл бастамалар жалғасып, өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтауға және ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізбек.
