Созақ ауданында биылғы жиын-терім науқаны басталды. Диқандар маусымдық жұмыстарды уақытылы ұйымдастырып, егін жинау науқанын қарқынды жүргізуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков егіс алқаптарын аралап, науқан барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы «Камила РБР» ЖШС-ң егіс алқабында болды. Биыл серіктестік 120 гектар алқапқа арпа егіп, алғашқы өнімін жинауға кіріскен. Қожалық басшыларымен жүздескен аудан басшысы өнім көлемі мен алдағы жұмыстардың барысы жөнінде пікір алмасты. Шаруалардың айтуынша, биыл көктемгі жауын-шашынның мол түсуі егіннің бітік шығуына оң әсер еткен. Нәтижесінде аталған шаруашылық әр гектардан орта есеппен 15 центнерден өнім алуда. Жалпы биыл Созақ ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 107,6 гектарға ұлғайып, 14 746 гектарға жеткен. Шаруалар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, өнімді ысырапсыз жинап алуға кіріскен.
