Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде саралау мақсатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиын барысында аудан үшін маңызды бірқатар мәселе қаралып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Аппарат мәжілісіне аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты сала мамандары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді талқылады.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының аудан аумағында жүзеге асырылу барысына арналды. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғи қауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланды.
Бұл мәселе бойынша Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Ақбаев баяндама жасап, шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Баяндама барысында тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуы, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу және өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы ақпарат берілді.
Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындардың су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауына ерекше мән беру қажеттігі айтылды. Осы бағытта жауапты мамандар мен тиісті қызметтердің бірлескен жұмысы, рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуі маңызды екені атап өтілді.
Сонымен қатар өрттің алдын алу мақсатында елді мекендерде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде ескертулер берілуде. Табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігін сақтау, қоқыс пен құрғақ шөпті бейберекет өртеуге жол бермеу және төтенше жағдайдың алдын алу мәселелеріне басымдық берілуде.
Мәжілісте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының аудан көлемінде іске асырылу барысы да кеңінен қаралды. Елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру және тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару мәселелері талқыланды.
Бұл бағытта аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Атап айтқанда, ауылдардағы көшелерді тазалау, қоғамдық орындарды ретке келтіру, көгалдандыру, күл-қоқыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру және қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған шаралар жөнінде ақпарат берілді.
