Қазақстан астық пен ұн экспортын арттырды

Қазақстан халықаралық нарықтағы астық жеткізуші ел ретіндегі позициясын нығайтып келеді. 2025–2026 маркетингтік жылдың қорытындысы бойынша елден астық пен ұнның экспорты астық баламасында 15,5 млн тоннаға жетті.

Қазақстандық өнім Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуропа елдеріне жөнелтіледі.

Экспорт көлемінің өсімі биыл да жалғасып отыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектің алғашқы 20 күнінде 852 мың тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға көп.

Оның ішінде астық экспорты 10%-ға өсіп, 674 мың тоннаны құрады. Негізгі өсім Қазақстанның басты экспорттық бағыттарына жеткізілімнің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда, Өзбекстанға 319 мың тонна астық жөнелтіліп, экспорт көлемі бір жылда 20%-ға артты. Тәжікстанға 116 мың тонна астық жеткізілді, бұл 21%-ға жоғары көрсеткіш. Ал Қытайға экспорт 101 мың тоннаға жетіп, 2,5 есеге өсті.

Астықты қайта өңдеу өнімдерінің экспорты да ұлғайып келеді. Қыркүйектің алғашқы 20 күнінде ұн тарту өнімдерін тасымалдау көлемі 134 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24%-ға артқан.

Экспорт көрсеткіштерінің өсуі қазақстандық астық пен оны қайта өңдеу өнімдеріне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артып отырғанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *