Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған Түркістан облысының спортшылары туған жерге оралды.
Түркістандық спортшылар құрлықтық додада жоғары нәтижелер көрсетіп, ел қоржынына бағалы медальдар қосты.
Академиялық есуден ерлер арасындағы рульшісіз қос қайық (M2−) бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ал байдарка мен каноэде есуден екі бағдарламада бақ сынаған Ольга Шмелёва күміс және қола жүлдеге ие болып, Түркістан спортының мерейін үстем етті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан халықаралық әуежайында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Тулебаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сала мамандары, туған-туыстары мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды.
Қарсы алу рәсімінде спортшыларға құрмет көрсетіліп, олардың Азия ойындарындағы жарқын жетістіктері атап өтілді. Өз кезегінде елге олжалы оралған спортшылар қолдау білдірген барша жанға алғыстарын жеткізіп, алдағы халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін аянбай еңбек ететіндерін айтты.
Айта кетейік, Владислав Яковлев пен Ольга Шмелёва – Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері. Ал Иван Чернухин – облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өкілі.
