«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА ӨҢІР ДАМУЫ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ БАСТАМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Түркістан облысының Төле би ауданында «Әділет» партиясының өкілдері жергілікті тұрғындармен, қоғамдық ұйым мүшелерімен, Аналар кеңесінің өкілдерімен және мәдениет саласының қызметкерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Басқосуларға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб мүшелері мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.

Кездесулердің басты мақсаты – «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын кеңінен таныстыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылау және қоғам өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Диалог барысында ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру, аграрлық секторды қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне басымдық берілді.

төле1

Алғашқы басқосуда ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы міндеттер сөз болды. Партия өкілдері Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызына тоқталып, бұл саланы заманауи талаптарға сай дамыту қажеттігін атап өтті.

Облыстық филиал төрағасы Алмас Салимов аграрлық сектордың тиімділігін арттыру үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану, суару жүйелерін жаңғырту және өндірістік әлеуетті кеңейту маңызды екенін жеткізді.

төле 2

– Түркістан облысының экономикалық дамуы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан ауылдық елді мекендердегі шаруашылықтардың мүмкіндіктерін арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту және еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау айрықша маңызға ие. Осы бағытта су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суару каналдарын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды дамыту көзделіп отыр. Бұл бастамалар ауыл экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Алмас Салимов.

Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларына қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері қамтылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу тетіктерін жетілдіру де экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.

төле 4

Әлеуметтік саладағы міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, тұрғындарды жұмыспен қамту, жастардың кәсіби даярлығын жетілдіру, еңбек нарығында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Партия өкілдері ауылдық жерлердегі өмір сүру сапасын жақсарту экономикалық және әлеуметтік бастамаларды өзара сабақтастықта жүзеге асыруды талап ететінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Төле би ауданында өткен кездесулердің тағы бір бөлігі қоғамдық ұйымдар, Аналар кеңесінің мүшелері және мәдениет саласының өкілдерімен пікір алмасуға арналды. Бұл басқосуда қоғамның рухани дамуы, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары мен мәдени мұраны сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.

төле 4

Қатысушылар отбасы институтының қоғамдағы орнына, жас ұрпақтың тәрбиесіне және жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, рухани сабақтастықты сақтау және қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру жөніндегі ұсыныстар ортаға салынды.

Мәдениет саласына қатысты мәселелер де жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендердегі мәдениет мекемелерінің жұмысын жетілдіру, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралардың ауқымын кеңейту және жастардың өнер мен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру қажеттігі айтылды. Өйткені мәдениет – қоғамның рухани әлеуетін қалыптастыратын, ұлттық болмысты сақтауға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін маңызды сала.

Алмас Салимов өз сөзінде қоғамдық тұрақтылық пен рухани дамудың өзара байланысына тоқталып, отбасы тәрбиесі мен мәдени құндылықтардың маңызын атап өтті.

– Қоғамның өркендеуі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Оның берік негізі – отбасы құндылықтары, сапалы тәрбие, ұлттық мәдениет пен руханият. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың бастамаларын қолдау, аналардың қоғамдағы рөлін арттыру, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдениет саласының дамуына жағдай жасау маңызды. Экономикалық өрлеу мен рухани жаңғыру қатар жүргенде ғана қоғамның тұрақты дамуына негіз қаланады, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы.

Кездесулер ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Қатысушылар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдық елді мекендердің жағдайына, мәдениет саласының өзекті мәселелеріне және қоғамдық бастамаларды қолдауға қатысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар тұрғындарды толғандырған сауалдар көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Партия өкілдері қоғаммен тұрақты байланыс орнату, тұрғындардың пікірін ескеру және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді назарда ұстау маңызды екенін жеткізді.

Жалпы, Төле би ауданында өткен кездесулер барысында «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық бағыттары кеңінен таныстырылды. Ауылдардың әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және мәдениетті дамыту мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылды. Бұл бағыттардың барлығы өңірдің орнықты дамуына және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *