«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Түлкібас ауданында жергілікті тұрғындармен экспромт-кездесу өткізді. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды.
Кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ сайлауалды штаб мүшелері қатысты. Олар тұрғындарға алдағы бес жылдық кезеңге арналған бағдарламаның басымдықтары мен жоспарланған міндеттері туралы кеңінен баяндады.
Алмас Салимов өз сөзінде өңірдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету, өндірістік әлеуетті арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Бағдарламада өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелеріне басымдық берілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және жергілікті өндірісті дамыту арқылы аудандардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың табысын арттыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталады, – деді Алмас Салимов.
Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендерді сапалы ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту мәселелері қамтылған. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруды және қалалық пен ауылдық аумақтар арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтуды көздейді.
Әлеуметтік саланы дамыту да бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы ретте денсаулық сақтау ұйымдарының қызмет сапасын арттыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне назар аударылған.
Білім беру саласында мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жаңа білім беру нысандарын салу, оқу орындарының инфрақұрылымын жетілдіру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және кәсіптік-техникалық білім беруді қолдау жоспарланған. Сонымен бірге еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастыру және олардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасау мәселелері де қарастырылған.
Бұдан бөлек, партия бағдарламасында бұқаралық спортты дамыту, мәдениет саласын қолдау, цифрлық технологияларды енгізу және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту бағыттары қамтылған. Аталған бастамалар өңірдің кешенді дамуына қатысты мәселелерді жүйелі түрде қарастыруды көздейді.
Кездесу барысында тұрғындар ұсынылған бағдарламаның түрлі бағыттары бойынша пікір алмасып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе ауылдық аумақтарды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жақсарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтердің сапасына қатысты ұсыныстар айтылды.
Өз кезегінде кандидаттар мен сайлауалды штаб мүшелері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ партияның алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен бағдарламалық міндеттерін түсіндірді.
Мұндай кездесулер тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға, қоғамдық пікірді ескеруге және өңірдің даму бағыттарына қатысты ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік береді.
