ТҮРКІСТАН: ЖӘДІГЕР ҚАЛАНЫҢ ЖАҢА МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛДЫ

 

Ғасырлар бойы түркі жұртының рухани бесігіне айналған қасиетті Түркістанның тарихында тағы бір маңызды кезең басталмақ. Ұлы Жібек жолының бойында өркендеп, Шығыс өркениетінің мәдениеті мен дүниетанымын тоғыстырған көне шаһардың рухани мұрасы бүгінде халықаралық деңгейде жаңаша мәнге ие болуда. Түркістанның Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы – қаланың тарихи болмысын, мәдени әлеуетін және өркениеттер арасындағы сабақтастықты кеңінен танытуға берілген мүмкіндік.

Түркістан қаласы 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде мәлімдеді.

Түркістанның мұндай мәртебеге ие болуының тарихи негізі тереңде жатыр. Көне шаһар ғасырлар бойы түркі халықтарының рухани дүниетанымы қалыптасқан, ислам мәдениеті мен ұлттық дәстүрлер сабақтасқан орталықтардың бірі болды. Қожа Ахмет Ясауидің адамгершілікке, ізгілікке және рухани кемелдікке негізделген ілімі Түркістанның мәдени кеңістіктегі орнын айқындай түсті. Бүгінде сол тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу, сақтау және әлем жұртшылығына таныстырудың маңызы артып келеді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл шешімнің ИСЕСКО ұйымы аясында қабылданғанын атап өтіп, Түркістанда түркі өркениетінің рухани мұрасы мен мәдени сабақтастығын дәріптеуге бағытталған бірқатар халықаралық іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді.

ИСЕСКО – Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы. Ұйымның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – мәдени мұраны қорғау, тарихи құндылықтарды дәріптеу, білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесі қалалардың тарихи және мәдени ерекшеліктерін халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға, мәдениетаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанның 2027 жылғы мәдени астана ретінде таңдалуы шаһардың ғана емес, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныту тұрғысынан да маңызды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы 2026 жылдың 30 қазанында Түркияның Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде мәлімдеді. Алқалы басқосуда түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету, ортақ тарихи мұраны зерттеу және сақтау мәселелеріне де назар аударылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

«ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Президент.

Түркістанның тарихи келбеті мен рухани болмысын Қожа Ахмет Ясауи мұрасынан бөліп қарау мүмкін емес. Ұлы ойшылдың хикметтері, дүниетанымдық тұжырымдары мен адамгершілік қағидаттары ғасырлар бойы түркі халықтарының рухани өміріне ықпал етіп келеді. Оның шығармаларында адам бойындағы ізгілік, әділеттілік, қарапайымдылық, мейірімділік және рухани тазалық секілді жалпыадамзаттық құндылықтар көрініс тапқан. Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде зерттеу мен насихаттау түркі және ислам өркениеттерінің тарихи байланысын тереңірек түсінуге жол ашады.

Киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген бұл тарихи нысан Түркістанның халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын айқындайтын басты құндылықтардың қатарында. Кесененің сәулеттік ерекшеліктері, тарихи тағылымы мен рухани маңызы әлемнің түрлі елдеріндегі зерттеушілер мен саяхатшылардың қызығушылығын тудырып келеді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы уақытта Түркістанда әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумы және түркі мен ислам әлемінің мұражай ісі мамандарының жиыны өтетінін хабарлады.

Әдебиет пен тіл – халықтардың тарихи жадын, дүниетанымын және рухани тәжірибесін сақтайтын баға жетпес құндылықтар. Түркі халықтарының әдеби мұрасында ортақ тарихи сарындар, дүниетанымдық ұқсастықтар мен ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланыстар молынан кездеседі. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумы әдебиеттану, тіл білімі, түркітану және шығыстану салаларындағы ғылыми ізденістерді сабақтастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *