ТҮРКІСТАН: ЖАС ЗИЯТКЕРЛЕР ӘЛЕМДІК ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

 

Ұлттық ойын – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымының, тұрмыс-тіршілігінің және зияткерлік мәдениетінің көрінісі. Қазақ халқының рухани қазынасында ерекше орын алатын тоғызқұмалақ пен бестемше бүгінде халықаралық спорт кеңістігінде кеңінен танылып келеді. Ата-бабамыздан мирас болып қалған осынау зияткерлік ойындарды әлемдік деңгейде дәріптеп жүрген жас спортшыларымыз кезекті халықаралық додада жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Түркия Республикасының Амасья қаласында тоғызқұмалақтан U-19 жас санатындағы жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзілік додаға 12 елдің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген жас зияткерлердің басын қосқан чемпионат ұлттық ойындардың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру тұрғысынан маңызды. Кезінде көшпелі халықтардың тұрмысымен біте қайнасқан тоғызқұмалақ бүгінде түрлі мәдениет өкілдерін ортақ спорттық алаңда тоғыстырып отыр. Мұндай халықаралық жарыстар ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, мемлекеттер арасындағы мәдени және спорттық байланыстардың нығаюына мүмкіндік береді.

Тоғызқұмалақ – терең математикалық есепке, стратегиялық ойлауға және ұтымды шешім қабылдауға негізделген зияткерлік ойын. Әрбір жүрістің нәтижесін алдын ала бағамдау, қарсыластың ойын тәсілін саралау және қалыптасқан жағдайға бейімделу спортшыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан бұл ұлттық ойынның адамның логикалық ойлау қабілетін, зейінін, есте сақтау дағдысын және төзімділігін дамытудағы маңызы зор.

Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті.

Түркістандық спортшылардың дүниежүзілік додада жүлделі орындарға ие болуы – олардың қажырлы еңбегінің, жүйелі дайындығының және кәсіби ізденісінің жемісі. Әлемдік деңгейдегі жарыста өнер көрсету жас спортшыдан тек ойын ережелерін жетік меңгеруді ғана емес, психологиялық тұрақтылықты, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауды және жауапты сәттерде байыпты шешім қабылдай білуді талап етеді.

Әрбір спорттық жетістіктің артында ұзақ уақытқа созылған дайындық, жаттықтырушылардың еңбегі және ата-аналардың қолдауы жатыр. Жас спортшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауы олардың кәсіби қалыптасуына, алдағы жарыстарға деген сенімінің нығаюына және спорттық шеберлігінің артуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, әлем чемпионатындағы әрбір жүлденің өзіндік салмағы мен тағылымдық мәні бар.

Атап айтқанда, тоғызқұмалақтың классика түрінен Ердәулет Оралбай алтын медаль иеленсе, Вика Белицкая күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал блиц бәсекесінде З. Лес чемпион атанса, Ақерке Құдайберген күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Вика Белицкая мен Азеля Абдрали қола медальді қанжығасына байлады.

Тоғызқұмалақтың классикалық және блиц бағыттарында өнер көрсету спортшылардан әртүрлі дағдыларды талап етеді. Классикалық ойында әрбір жүрісті жан-жақты саралап, ұзақ мерзімді стратегия құру маңызды болса, блиц бәсекесінде шектеулі уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдау қабілеті алдыңғы орынға шығады. Сондықтан қос бағытта да жүлделі нәтижелерге қол жеткізу түркістандық жас спортшылардың жан-жақты ойын шеберлігін аңғартады.

Ердәулет Оралбай мен З. Лестің чемпиондық тұғырға көтерілуі – өңірдің ұлттық спорт тарихындағы қуанышты жетістіктердің бірі. Ал күміс және қола жүлдегерлердің нәтижелері де халықаралық бәсекедегі табандылық пен кәсіби шеберліктің көрінісі. Әсіресе, Вика Белицкаяның тоғызқұмалақтың екі бағытында да жүлдеге ие болуы оның түрлі ойын форматтарына бейімделе алатынын көрсетеді.

Тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі маңызын оның ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілуінен де аңғаруға болады. Бұл ұлттық ойынның тек спорттық бәсеке құралы емес, адамзаттың ортақ мәдени құндылықтарының бірі ретінде танылғанын білдіреді. Сондықтан тоғызқұмалақты дамыту, оның ережелері мен тарихи ерекшеліктерін кейінгі ұрпаққа таныстыру ұлттық мұраны сақтаудың маңызды бағыттарының бірі саналады.

Бұдан бөлек, әлемдік дода аясында бестемше ойынынан жастар арасындағы Әлем чемпионаты да ұйымдастырылды. Бұл сында Мариям Тұрғынбай күміс жүлдеге ие болса, Ақерке Құдайберген қола медаль жеңіп алды.

Бестемше – қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік ойындарының бірі. Тоғызқұмалақпен сабақтас бұл ойын өзінің ықшам құрылымымен ерекшеленеді. Ойын барысында есептеу, салыстыру, қарсыластың әрекетін болжау және ұтымды шешім қабылдау дағдылары маңызды орын алады. Бестемшенің ережелерін меңгеру балалардың зияткерлік ойындарға қызығушылығын оятып, күрделі стратегиялық ойындарды игеруіне негіз бола алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *