Бестемшеден әлем чемпионатының ұйымдастырылуы ұлттық ойындардың халықаралық спорт кеңістігіндегі аясы кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Қазақтың дәстүрлі ойындарының түрлі мемлекеттерде танылуы ұлттық мәдениетіміздің ерекшеліктерін әлем жұртшылығына таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте жас спортшылар ұлттық мұраны жалғастырушылар ғана емес, оны халықаралық деңгейде танытушы мәдениет өкілдері ретінде де маңызды рөл атқарады.
Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшылары қос ұлттық ойыннан жалпы сегіз медаль жеңіп алды. Оның ішінде екі алтын, үш күміс және үш қола жүлде бар. Ақерке Құдайбергеннің тоғызқұмалақ пен бестемше ойындарының екеуінен де жүлделі орын иеленуі ерекше атап өтуге тұрарлық нәтиже.
Бүгінде ұлттық спорт түрлерін білім беру жүйесімен ұштастырудың да тәрбиелік маңызы артып келеді. Мектептерде тоғызқұмалақ пен бестемше үйірмелерін дамыту, балалар арасында тұрақты жарыстар ұйымдастыру және талантты ойыншыларды қолдау жас буынның зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Ұлттық ойын арқылы бала есептеуді, уақытты тиімді пайдалануды, қарсыласын құрметтеуді және өз шешіміне жауапкершілікпен қарауды үйренеді.
Түркістан өңірінде ұлттық спорт түрлерін дамыту тарихи-мәдени мұраны сақтаумен де тығыз байланысты. Ғасырлар бойы руханият пен білімнің орталығы болған қасиетті өлкенің жас ұрпағы атадан қалған зияткерлік ойындарды меңгеріп, халықаралық деңгейде танытып жүр. Бұл – ұлттық дәстүр мен заманауи спорттың өзара сабақтастығының көрінісі. Осындай жетістіктер өскелең буынның төл мәдениетімізге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық ойындардың бұқаралық сипат алуына серпін бере алады.
Осылайша, Түркістан облысының жас зияткерлері қос ұлттық ойын түрінен әлемдік деңгейде шеберліктерін дәлелдеп, өңір абыройын асқақтатты.
Әлемдік додада ел намысын қорғау – әрбір спортшы үшін үлкен жауапкершілік. Халықаралық жарыстардағы жетістіктер жас ойыншылардың жеке табысы ғана емес, ұлттық спорт мектебінің дамуына үлес қосатын маңызды нәтиже. Бүгінгі жүлдегерлердің жеңісті жолы ертең тоғызқұмалақ пен бестемшеге қызығушылық танытатын талай жас талапкерге үлгі болмақ.
Ұлттық ойынның ғұмыры оны жалғастыратын ұрпақпен өлшенеді. Кешегі бабаларымыздың зердесі мен дүниетанымынан туған тоғызқұмалақ бүгінде әлемдік спорт додаларында қазақ елінің атын танытып келеді. Амасья төрінде жеңіс тұғырынан көрінген түркістандық жас зияткерлер ұлттық мұрамыздың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олардың әрбір жеңісі – қажырлы еңбектің жемісі, ұлттық спорттың мерейі және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ақыл-ой аламанында топ жарған жас спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғаса берсін!
