Мұндағы халық күнделікті ас дайындау үшін электр қуаты мен газ баллонға тәуелді. Ал үйді жылытуға тонналап көмір сатып алады. «Ауылға табиғи газ келсе, бұл күйбең тіршіліктен арылар едік», дейді олар. Сайрамдықтарға газ қашан беріледі? Бұл ауыл тұрғындарының тіршілігі таңертеңнен қара кешке дейін бір бағытта өрбиді. Үйді жылытып әрі ас дайындау үшін Марипат секілді аналар күніне он шелектен астам көмір тасып жағады. Қыс мезгілінде қатты отынды сырттан үйге тасуда азап деген ол, осылай жан бағуға тура келетінін айтады.
Қазір ауылды газдандыруға жұмсалатын қаражат мәселесі шешілуде екен. Ол үшін қазынадан 771 миллион теңге бөлінуі қажет. Негізінен Сайрам ауданында көгілдір отынды күткен бұл ауыл ғана емес. Мәди Нұрлыбаев, Сайрам аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: — Ауданымызда 42 елді мекен бар. 42 елді мекеннің 19-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2017-2018 жылдар аралығында 12 елді мекенге газдандыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 2019-2020 жылдар аралығында екі елді мекенге газ жүйелері тартылуда. Қазіргі таңда 9 елді мекенге 5 млрд 333 млн теңге қажет етіп отыр. Егер қаражат мәселесі шешілетін болса, онда ауданымыз 100% қамтамасыз етіледі. Яғни, 2021 жылы аудандағы барлық елді мекендер 100% табиғи газбен қамтылатын болады. Қазір көгілдір отыны жоқ ауылдарға жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Енді тек халыққа әліптің артын бағу қажет.