Сайрам ауданының әкімі Абай күні мерекесімен құттықтады

Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Абай күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін — əлемдік деңгейдегі ғұлама ойшыл, ұлы ақын, ағартушы, ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының туған күні!
Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қаулысына сәйкес 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Тарихи шешімнің қабылдануының мәні тереңде. Өйткені, әр заманда әрбір ұлт пен мемлекеттің келбетін сындарлы ой-толғауларымен, жарқын да жасампаз идеяларымен айқындаған тұлғалары болған. Ұлыларын ұлықтаған ел ғана болашаққа батыл қадам жасайтынын тарих сән мәрте дәлелдеді.
Абай мұрасы – елімізді, халқымызды әрқашан жаңашылдыққа, әділдікке, ғылым-білімге, өркениетке жетелейтін баға жетпес құндылық.
«Адамзаттың Абайы» атанған ұлы кемеңгердің асыл сөздері бүкіл әлемге ортақ құнды қазына. Ал туған халқы үшін ақын өсиеті – адамгершілік асыл қасиеттерді биік ұстай отырып, алға жетелеуші зор рухани күш.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абай – қазақтың әлемдік деңгейдегі кемеңгер данышпаны. Оның еңбектері өзінің өзектілігін жоғалтпай, күні бүгінге дейін ұлтымыздың және бүкіл елдің әлеуметтік, мәдени, рухани өмірінің бағыттарын анықтап келеді. Рухани жаңғыру даңғылында хакімнің өнегелі өсиеті бізге бағдаршы болары даусыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Демек, Абайды ұлықтау арқылы бүкіл руханият жаңғырады.
Ардақты ағайын!
Осынау мерейлі күні баршаңызды ұлттық руханияттың үлкен қуанышы саналатын Абай күнімен құттықтаймын! Бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақтай болған Абай тұлғасы жарқырай түссін! Бұл күн бірлігі бекем қазақ даласын татулыққа шақыратын, адамгершілікке үндейтін, қастерлі күнге айналсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *