2200 жылдық тарихы бар көне қала Шымшаһар Орталық Азияда тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала десек, ал ондағы «ShymQala» тарихи-мәдени кешені заманауи мегаполистің тарихи жүрегі. Ал кешеннің жүрегі деп «Шеберлер ауылын» айтар едік. Тарихи-мәдени кешендегі «Шеберлер» ауылында тіршілік таң азаннан басталады. Ал бұл маңның ең басты артықшылығы, қала тұрғындары мен қонақтары шеберлердің тұрмыстық заттарды, ыдыс-аяқтарды, ұлттық әшекейлердің жасалу жолдарын көреді. Сондай-ақ ұлттық бұйымдарды өзі жасап үйренуге мүмкіндігі бар. Бүгінде мұнда жергілікті ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен қаншама жас ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды жасап үйреніп жүр. Алматылық Асыл медицина колледжінде оқыса да, қолөнерге қызығып, жазғы уақытын тиімді өткізу үшін осындағы шеберлер ауылына келіп бір айдың ішінде ұлттық аспап – домбыра жасап, құрастыруды меңгеріпті. «Мамандығын қолөнерге ауыстырамын деушілердің қатары көбеюде. Тоқырау заманында суретшілер керісінше басқа мамандықтарға ауысқан-ды. Бұл үрдіс көнеден жеткен көзайым ата-баба өнерінің ілгері басып, өркендеуінің белгісі», — дейді шеберлер ауылының жетекшісі, халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері Болат Бейісбеков.
Шеберлер ауылында бес киіз үй бар. Бірінші ақ қанат киіз үйде сән-салтанатымен хан тағы қойылған. Керей мен Жәнібек, Абылай хандардың отырған орнындай әсер қалдырады екен. Хандар киген бас киімнен бастап шапан, етік және өзге де ұлттық киімдерді киіп хан тағына отырып естелікке суретке түсуге болады. Бұл – туристер үшін жасалған экзотика. Жергілікті тарих пен мәдениетке қызығушылық танытқан туристер келетін мегаполистің маңызды туристік нүктесіне айналдыру мақсатының үдесінен осылайша шығып жатыр.
Екінші киіз үйде қолөнер бұйымдары қойылған. Былғарыдан істелген түрлі заттар, ер тоқымнан бастап кісе белдік, ер-тұрман, жебенің түр-түрі, асатаяқ, т.с.с. алуан түрлі бұйымдарға қызыға қарадық. Мұнда атақты қолөнерші Әшірбек Желдібайдың қолынан шыққан құнды заттарды айрықша атап айтуға болады.