ШЫМКЕНТ: Атаулы әлеуметтік көмекті онлайн рәсімдеушілер көбейді

1 сәуірден бастап мемлекет тарапынан көмек алуға құқылы отбасылардың өтініштері электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда. Ол үшін аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасылардан өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек. Өтінімдер тексеріліп, әлеуметтік әлсіз топқа жататыны дәлелденсе, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.

Қазіргі таңда тұрғындардың қауіпсіздігі, жұмыспен қамту мекемелерінде кезек қалыптастырмау және санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы мақсатында биылғы ІІ тоқсаннан бастап АӘК алушылардың өтініштері «Электронды үкімет» порталы (egov) арқылы қабылданады. Бұл – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасы. Бүгінге дейін 19 408 адам АӘК-ке өтінім білдірсе, оның ішінде 6 704 өтінім электронды үкімет порталы арқылы, ал 12 704 адам жұмыспен қамту орталығына келіп, мамандардың көмегі арқылы құжаттарын тапсырды. Өтініштердің басым бөлігі аудандық әкімдіктің қарауында. Аудандық әкімдіктегі учаскелік комиссия өтінімдерді тексеріп, оң немесе теріс шешімді шығарады, – дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Айгерім Нұрбекова.
Мамандардың айтуынша, көп балалы аналарға ақшалай көрсетілетін көмек мөлшері отбасыдағы бала санына қарай тағайындалады. Ал кәмелет жасынан аспаған 4 баласы бар отбасы көп балалылар қатарына енеді.
Ал электронды үкімет порталы арқылы өтінім білдіру тәртібі мен тиісті бейнеролик қалалық жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған (Instagram: zhumispen.kamtu, Facebook: Шымкент жұмыспен қамту орталығы).
Жалпы, 2021 жылдың І тоқсанында Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 43 686 отбасы өтініш беріп, оның ішінде 32 694 отбасыға (182 049 адамға) шартты ақшалай көмек, 4 687 отбасыға (17 613 адамға) шартсыз ақшалай көмек тағайындалған. Айта кетейік, қала тұрғындары жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, кәсіптік оқыту мәселелері бойынша сұрақтарын орталыққа бармай-ақ төрт аудандағы тиісті мамандарға қойып, жауабын ала алады. Бұл әрі карантин талаптарын сақтау үшін қажет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *