ТҮРКІСТАНДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Тәуелсіздік жылдарында еліміздің және өңірдің жеткен жетістіктері мен барлық бағыттағы даму сатылары талқыланған дөңгелек үстел болып өтті.

«Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Түркістан облысының басты жетістіктері» тақырыбында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және өңірдегі тарихшы, ғалымдар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Биылғы жыл еліміз үшін ең елеулі оқиғалардың бірі – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Кешегі ата-бабаларымыздың төккен тері мен қан майдандарда аққан қанының өтеуі – бүгінгі Тәуелсіздік. Қаншама қилы кезеңдерді басынан кешіп, ұрпаққа бейбіт күнді сый еткен бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – біздің ең үлкен борышымыз. Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны ерекше. Аса көрегенділікпен жүргізілген мемлекеттік саясаттың нәтижесінде біз төрткүл дүниемен терезесі тең, шекарасы айқын, еркін елге айналдық. Елбасы жарлығымен Түркістан облысының қайта құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілуі – Тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі. Жарлықтың жарық көргеніне үш жылдан аса ғана уақыт өтсе де, Түркістан ажарлы қалаға айналып келе жатыр. Қала келбетіне көрік қосатын ғимараттардың алғашқылары пайдалануға беріліп, өз жұмысын бастады. Енді біздің алдымызда сол ғимараттарды ел игілігі жолында пайдаланып, артылған сенімді ақтау міндеті тұр» деді Сәкен Қалқаманов.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын осы жылдар ішіндегі өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамып, жастарға жасалған қамқорлықтың артқаны пен Түркістанды түлетудегі Елбасының орны айрықша екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, басқосудың басты тақырыбы жөнінде баяндама жасаған «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Әдемау Толысбаева, Түркістан облыстық ассамблея жанындағы өзбек этно-мәдени бірлестігінің мүшесі, «Жанубий Козоғистан» газетінің бас редакторы Алишер Сатвалдиев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Забираш Адилбековалар Тәуелсіздік жылдарындағы елдің жеткен жетістіктері мен этносаралық тұрақтылықтың сақталуы, инвестициялық өсім мен Түркістан облысын дамытудағы Елбасының еңбегі жөнінде ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *