Спорт саласында «Қазақстан спортын трансформациялау» жобасы іске аспақ

Елдегі спорт саласы Токио олимпиадасынан кейін«өсу дертін» жеңіп, трансформация кезеңіне өтті,-деп хабарлайды ҚР мәдениет және спорт министрі.

Жалпы  бұл жобаға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастамашы болып отыр. Аталмыш министрлікте «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылып, оны басқаруға жоба жетекшісі Қамбар Омаров тағайындалды. Трансформация жобасының жұмыс органы құрылды. Жобада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ Тұрсынғали Еділов, Василий Жиров, Александр Винокуров, Елдос Сметов, Ислам Баймұханова, Юрий Мельниченко, Айдар Махметов, Бақтияр Артаев сынды атақты спортшылар мен жаттықтырушылар кірді. Команданың құрамында 55 адам бар. Жобаның мақсаты – салауатты әрі спортпен айналысатын ұлтты жаңғырту.

AstanaHab залында өткен кездесуде «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесінің таныстырылымына 50-ден астам қатысушы келді. Олар жұмыс үшін болашақтың бағытын түсіну, қазақстандық спорттың даму сатысының қай кезеңінде екенін білу мақсатымен қатысты. Қатысушылар арасында: депутаттар, әлем чемпиондары, спортшылар, мемлекеттік қызметкерлер, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері бар. Таныстырылым барысында даму жолындағы басты қадамдарды айқындайтын шаралар талқыланды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жобалық кеңсенің таныстырылымында сөз алып, Токиода өткен Олимпиаданың нәтижесін үздік деуге әлі ерте екенін айтты.

Бұдан әрі қарай министр нақты ұсыныстарын айтты.

«Бізге адамның әл-ауқаты мен денсаулығына нұқсан келмейтіндей тұтас трансформация қажет, жаңа технологияларды қолдануымыз керек», – деп түйіндеді министр.

Спорт жобаларының үйлестірушісі, МСМ жобалық кеңсесінің дене шынықтыру және спорт жөніндегі жобалар тобын іске асыру жетекшісі Ерназар Бексұлтанов жобалық кеңсенің егжей-тегжейлі таныстырылымын жасады.

«Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі, ұлттық жобалық кеңсенің жетекшісі Арман Евниев жобаларды басқарудың жай ғана құрал екенін, бұл өз алдына жеке мақсат емес екенін айтты.

Депутат Ирина Смирнова сөзден гөрі нақты істерге көшу керек деген ұстанымын білдірді.

«Қазақстан спортын трансформациялау» жобасының жетекшісі, CSI group консалтинг компаниясының басқарушы серіктесі, «ҚазАқпарат» директорлар кеңесінің мүшесі, МСМ жобалық кеңсесінің ахуалдық-талдау орталығының басшысы Қамбар Омаров ақшаның қайда түсіп жатқанын анықтау қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, стратегиялық басқаруды енгізе отырып, заңнаманы жетілдіру қажет. Бүгінде 7 бағыт әзірленді.

Vista спорт клубы ЖШС бас директоры Александр Разниковтың айтуынша, жекеменшік спорт мектептерін көбірек ашу керек. Оның мектебінде балалар тегін футбол, баскетбол ойнап, тауға өрмелеуге жаттығады. Александр Разников жасөспірімдер спортында жетістіктер болуын міндеттеу керек деп санайды.

Ол сондай-ақ инфрақұрылым мәселесін қозғады. Инфрақұрылымның жоқ екенін алға тартты. Көптеген балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері іріктеуден өтпеген балаларды қабылдайды.

Талқылау барысында тағы бірнеше ұсыныс келіп түсті. Олардың бірін Даму стратегиясы мен сыртқы байланыстар жөніндегі жобалар тобының жетекшісі, Қолданбалы этнополитикалық зерттеулер институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі, саясат ғылымдарының кандидаты Талғат Қалиев айтты.

Ол демалыс күндері де фитнес-клубтардың жұмыс істеуін ұсынды. Оның пікірінше, еңбек пен қорғанысқа дайындық нормаларын қайта жаңғыртып, жаппай спортпен айналысуға ынталандыру қажет. Белгі иегерлері үшін университетке грант алу кезінде артықшылықтарды қарастыру да керек. Бұдан әрі Талғат Қалиев медициналық сақтандырудың пайдаланылмаған ақшасын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың спортпен шұғылдануы үшін жеке спорт клубтарына көмекке жіберуді ұсынды.

ҚР ҰОК Ұлттық спорт түрлері дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов 2018 жылы барлық өңір бойынша проблемаларға және оларды шешу жолдарына талдау жүргізілгеніне назар аударды.

«Біз бұқаралық спорт пен спорт резервтерін дамытуға мүдделіміз. Неге біз ауылдық жерде спортшыларды дайындайтын, ауылдық жарыстар өткізетін республикалық ауылдық клуб құрмаймыз?» – деді ол.

Әңгімелесуді қорытындылай келе, Мәдениет және спорт министрі Жобалық кеңсе қысқа мерзімде ғана емес, келешекте де өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *