Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.
“Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалсын”,- делінген бұйрықта.
Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, бакалавр академиялық дәрежесімен менеджмент саласындағы маман, экономика магистрі, заңтану бакалавры.
Еңбек жолын 1998 жылы Статистика агенттігі талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған.
1999-2001 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты.
2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.
2003-2006 жылдары – «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ Қаржы департаментінің директорының м. а., директоры – басқарма мүшесі.
2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінде жұмыс істеді. 2007 жылғы қаңтар-шілде аралығында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
2007-2009 жылдары — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі.
2010-2012 жылдары — Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК директоры.
2012-2013 жылдары — «ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты» ЖШС бас директоры. 2013-2016 жылдары — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2016-2019 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында — ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы.
2019 жылғы сәуірден 2021 жылғы наурызға дейін — «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқарма төрағасы.
2021 жылғы сәуір-шілде аралығында – ҚР Қаржы вице-министрі.
2021 жылғы шілде айынан бастап – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сынға алған еді. Президент сынынан кейін ол министр лауазымынан айырылды. Оның орнына Ербол Қарашөкеев министр міндетін атқарушысы болып тағайындалды.