«Жұмысшылар жылы» аясында өткен мамандықтар жәрмеңкесі — еңбек адамдары мен түрлі кәсіп иелерінің маңыздылығын көрсетуге арналған кезең. Бұл бастама қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, олардың атқаратын рөлін насихаттау мақсатында 7-8 сынып оқушылары үшін пайдалы іс-шара ретінде өтті. Бұл жәрмеңке оқушыларға түрлі кәсіптермен жақын танысуға, олардың қыр-сыры мен маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында оқушылар бариста, құрылысшы, электрик, қолөнер шебері, бағбан, аспаз, IT маманы, агроном, тігінші, косметолог, интерьер дизайнері, шаштараз, инженер, тазалаушы, мал дәрігерінің көмекшісі сынды көптеген мамандықтар туралы ақпарат алып, олардың ерекшеліктерін зерттеді. Әр мамандықтың қоғамдағы рөлі мен қажеттілігі туралы қызықты таныстырылымдар ұсынылды.
Шара барысында оқушылар мамандық таңдап алып, жоғарғы деңгейде таныстырылым жасаған үздіктер марапатталды. Оқушылар аспаз және бариста мамандықтары тағам өнерінің қыр-сырын үйретіп, дәмді тағамдар мен сусындар дайындаудың әдістерімен бөліссе, құрылысшы, электрик және интерьер дизайнері мамандық иелері болған оқушылар арқылы аудитория ғимараттарды жобалау, тұрғызу және сәндеу туралы қызықты мәліметтер алды. Ал, IT маманы болашақтың ең сұранысқа ие салаларының бірі ретінде танылып, бағдарламалау мен жаңа технологиялар әлеміне жол ашты. Шаштараз, косметолог және тігінші мамандықтары сұлулық пен сән индустриясының заманауи трендтерін таныстырды. Бағбан мен агроном салалары табиғатпен жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетіп, экологиялық таза өнімдерді өсірудің жолдарын көрсетті.
Жәрмеңке оқушылардың ерекше мамандықтарға деген қызығушылығын арттырды. Әрбір мамандықтың өзіндік маңызы бар және ең бастысы, әр адам өзіне ұнайтын, жүрек қалауымен таңдаған кәсіппен айналысуы керек!