ТҮРКІСТАНДА ЖЕЛТОҚСАН ҚАҺАРМАНДАРЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЙЫ БИЛБОРД ОРНАТЫЛДЫ

Тәуелсіздіктің таңбасы қара таста, қаны қара жердің тамырында. Биыл азаттықтың бесігінде тербелгенімізге – 30 жыл. Отыз жылдың ішінде еліміз етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы мемлекет болды. Бұл 1986 жылғы желтоқсанның ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерлігінің жеңісі. Азаттықтың ақ таңын алып келген сол көтеріліске де биыл – 35 жыл.
Түркістан қаласының әкімдігі Кентау қаласына шыға беріс күре жолдың бойына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай қалада тұратын желтоқсан қаһармандарының фотосуреттері бейнеленген үлкен билборд орнатты. Ондағы мақсат – төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күннің алғашқы қарлығаштарын жастар біліп жүрсін деген ниет. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деген болатын.
Жақсы идеяға мұрындық болған қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке және ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаевқа Желтоқсан күрескерлерінің алғысы шексіз.
Қалада бірнеше жылдан бері желтоқсан қаһармандарының «Тұран қырандары» қоғамдық бірестігі жұмыс істейді. Бұл ұйымға кезінде ел азаттығын аңсап алаңға шыққан өрімдей жастар – бүгінде самайларын қырау шалып, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында еңбек етіп жатқан түрлі мамандық иелері топтасқан.
Жыл сайын мекемелер мен мектептерде болып, Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат ұғым екендігін жастардың бойына дарытып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятатын отаншылдық бағыттағы іс-шараларды өткізіп жататын осынау аға-апаларды енді қала тұрғындары бильбордтағы фотосуреттері арқылы жақынырақ танитын болады.
Кім білсін, бәлкім, жастар бұл аға-апаларын көшеде көріп қалып, «Сіздер азаттығымыздың алғашқы қарлығаштары екенсіздер ғой!» деп, бас иіп, амандаса өтетіні даусыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *