
Шымкент қаласындағы «Қазығұрт» шағынауданында орналасқан №14 жұқпалы аурулар ауруханасын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Себебі, биыл іске қосылған емдеу орталығы маусым айынан науқастарды қабылдауда. Мұнда жалпы 54 жатын орын бар, 28 оттегі аппаратымен жасақталған. Стационарда бүгінгі таңда коронавирус белгісімен – 44 науқас ем алуда. Оның ішінде төрт науқас дельта штамын жұқтырса, алты науқас реанимациялық бөлімде ауыр халде жатыр. Күн сайын орталыққа 3-4 науқас келіп түседі.
Мұнда науқастарға барлық жағдай жасалған. Содан болар, әзірге қайғылы жағдай тіркеле қойған жоқ. Сондай-ақ, №145 жаңа протоколға сәйкес ауру жеткізілген бойда талдама алынып, ем вирустың деңгейіне байланысты тағайындалады.
Аурухана меңгерушісі Нәзира Қалдыбаеваның айтуынша, жаңадан тіркеліп жатқан індеттің бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы бар. Себебі, қазіргі аурудың белгілері анық байқалады. Бұрынғы протоколмен емдеу шараларын жүргізу еш нәтиже бермеуде.
– Бүгінде орталықта емделуші науқастардан жаңадан тіркелген «Дельта» штамы да анықталып отыр. Алты науқастың жағдайы әзірге ауыр. Бізді бір қынжылтатыны, көбіне олар үй жағдайында емделіп, ауруын асқындырып алады. Оларды жаңадан белгіленген протокол бойынша он күн емдейміз. Бірақ, кейде еңбегіміз еш кетіп жататыны бар. Себебі, емделіп шыққан азаматтардың арасында көбі үй жағдайында күтіне алмай, орталыққа қайта келіп түсуде. Десе де, соңғы күндері науқастар саны біршама азайды, – дейді Нәзира Батырбекқызы.