
Сайрамның төрінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ақын – жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ордабасы, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иесі, ҚР Мәдениет қайраткері, сазер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты кеші өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Оразалиев Мадияр Мұхтарұлы арнайы ат басын бұрып, кеш иесін аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің арнайы алғыс хатымен марапаттап, құттықтады.
Кеш барысында Сайрамдық оқырмандар автордың өлеңдерін жатқа оқып, аудандық мәдениет үйінің әншілері Айкерім Байхожаева, Ақсауле Нұртаева, «Jas stars» дуэты әндерін сызылта орындады. Сонымен қатар, орны ерекше, тағыда бір қуанышты сәт орын алды, ол осы кездесуде Әкім Әбдіхайымұлының жаңа «Бір адам бар» атты әнінінң тұсауы кесілді. Жаңа әннің тұсауын кесіп, репертуарлық қанжығасына байлау ауданымыздың жас әншісі Жәнібек Жүсіпбековке бұйырды.
Әрбір жаңа әнінің тұсауы сонау, Алматы, Тараз, Астананың сахналарында кесіліп жүргеніне қарамастан, сазгер ағамыз бүгінгі туындысын Сайрамдық әншілердің қоржынына сыйға тартты. Сайрам аудандық орталық балалар кітапхансында өткен « Әкім Ысқақ оқулары — 2021» байқауының жүлдегерлері мее қатысушы оқырмандарын Әкім Әбдіхайымұлы арнайы марапаттады. Кереметтей кездесу мәдениет саласының ардагері, әнші, «Қайран ерлер, каһарман ардагерлер» республикалық байқауының лауреаты Жақсыбай Оңалбекұлы орындаған автордың «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтады.