
Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлының Қазақстан халқы тілдері күніне арнаған құттықтауын қабыл алыңыздар!
Бұл мереке жыл сайын 22 қыркүйекте аталып өтетін. Ел Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мерекелік күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысына сәйкес ол 5 қыркүйекке ауысты.
Мұның өзіндік себебі бар. 5 қыркүйек — Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Тіл мерекесін «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп, қоғамдық сананы тіл тазалығын сақтауға үндеген ұлт ұстазының туған күніне орайластыру – тәуелді санадан құтылғанымыздың жарқын көрінісі, елдігіміздің айғағы.
Кез келген халықтың ұлттық ерек¬шелігін танытып, ғасырлар тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін қасиетті құралы – тіл. Сүйенетін тамырдан ада болған ел қаңғырған қаңбақтай домаланып, ұлттық құндылықтарынан да қол үзетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол — достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, тарихтың талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Қоғамның қандай түрі болса да тілсіз өмір сүре алмайды. Демек, тіл – қоғамның жемісі. Ол әрбір адам бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жуырдағы Жолдауында “Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деп атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі саналады.
Бұл мерекенің аудан халқы үшін маңызы зор. Ауданымызда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда елеулі жұмыстар атқарылуда. Соның 1дәлелі – мемлекеттік тіл мен өзге тілдерді қатар меңгергендер саны артқан. Ең бастысы, түрлі этнос өкілдерінің ана тілдері мен мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасалған.
Ардақты ағайын!
«Тіл – ұлттың тірегі” дейміз. Ендеше, тірегімізге тіреу болайық, тәуелсіздігімізге сүйеу болайық.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін!
Қазақстан халқы тілдері күні құтты болсын!