
Кезінде әйгілі тұлға Зейнолла Қобдолов «Әдебиет – ардың ісі» деп әрбір таланттыға зор жауапкершілік жүктегендей болған еді. Расында, ұятты тірліктен ұшпаққа шыққан кім бар дейсіз!? Әдебиет – өнер. Адамды, ақиқатты танытады. Ақиқатты айтқан ғана шын ақын, шын жазушы. Егер оны айта алмасаң ардың ісін былғаудың қажеті жоқ. Бүгінгі нөмірде айтары айқын, сезімге толы жырлары көп ақын жерлесіміз Зияда Исатайқызы поэзия жайлы пікірін ортаға салды. Ал, тұшымды ойға шөлдеп жүрген әдебиетсүйер қауым үшін ойға түйер дүние болып жатса, бек қуаныштымыз.
— Рас, адамзат үшін ғылым зор маңызға ие. Алайда адамға өмір сүру үшін ақылды бас қана емес, сезімді жүрек, терең дүниетаным керек. Дәл осы жерде өнердің бір түрі ретінде өлең де өз рөлін ойнай бастайды.
Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәтте іңгәлап жылайды, осының өзінде ырғақ бар. Ал поэзия ырғаққа құрылады. Әлемнің жаратылысының өзінде бір әсем ырғақ, үйлесімділік бар емес пе? Менің ойымша, планетаны біріктіретін, тұтастыратын ырғақ поэзия тілінен көрініс табады. Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» дейтіні осы болса керек. Поэзияның негізгі мақсаты — адам жанын ізгілендіру, қоғамның сырқатты жері болса, соны тазартуға атсалысу. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» дегенде сөз өнерінің адам өміріндегі орнына аса жоғары баға беріп отыр ғой. Ғылымды дамытумен қатар, рухани әлемімізді де үнемі байытып отыруымыз қажет. Атақты Ибн Сина «Медициналық канонын» өлеңмен жазған деген деректер бар. Өлең халықтың жүрегіне жылдам жетеді, адамның сезіміне әсер ету арқылы ғылымды игертуге болады деген пікірде болғаны ғой. Поэзия өзінің маңызын ешуақытта жоймайды, өміртанудың, адамтанудың құралы болып, халыққа қызмет ете қала береді деп есептеймін.