
Экологиялық ахуалға байланысты жағдай әлі де өзекті болып отыр. Ауданымызда шешімін күттірмейтін бірқатар экологиялық мәселелер бары белгілі. Бүгінгі күннің негізгі экологиялық проблемалары: қоқыс тазалау, полигон, егілген ағаштарды суғару, заңсыз күл-қоқыс орындарын жою. «Не ексең соны орасың» деген тәмсіл табиғатпен қарым-қатынысымызды анық суреттейтіндей. Өйткені қазір экологиялық мәселені шешудегі біздің үлесіміз үйден шыққан сұрыпталмаған пакеттерді қоқыс жәшігіне тастаумен шектеледі.
Аудан аумағында Қарабұлақ және Манкент ауылдық округтерінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 2 полигон жұмыс істейді. Аталған полигондардың аумақтары қоқыспен толуына және аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар жетіспеушілігіне байланысты қоқыстарды орналастыру мәселесі өзекті болып отыр. Мәселені шешу мақсатында аудан аумағындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде 10,0 га және Манкент ауылдық округінде 7,0 га жер учаскелері қарастырылып, полигон ашу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.