
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Бола-шақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы!
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Бұл нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.
Жақсы мұғалім – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.
Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері!
Тамаша мереке –Мұғалімдер күні қар-саңында өзіміздің сүйікті ұстаздарымызды осы бір айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Біз білім ордасы – мектеп табалдырығын аттап, онда қазықты да терең білім алып, тылсым дүниені таныдық. Ұстаздарымыз бізді білім тұңғиығынан нәр алдырып, қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулыды, табандылықпен еңбек етіп, алдымызға биік мақсаттар қоюды үйретті.
«Ұстаз, сенің алдыңда бас июге рұқсат ет!» — деген көпке танымал өлең жолдарында осы бір жанкешті абзал жандарға деген ұланғайыр алғыс көрініс тапқан.
Құрметті ұстаздар, Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Шәкірттеріңіз биік шыңдардан көрініп, еңбектеріңіз ақтала берсін!
Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айтамын.