ҚР Тұңғыш Президент күніне орай аудандық Мәдениет үйінде мерекелік жиын өтті. Тағылымы мол шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, ел бағына еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты. Жиында Елбасының өмірлік жолы мен Тәуелсіздік бастауы жөнінде шағын видео-ролик көрсетілді.Еліміздегі мәртебелі мерекенің шымылдығын аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, аудан халқын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Тұңғыш Президент күні – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихында, қалыптасуы мен дамуы жолындағы елеулі орын алатын ерекше мереке. 1991 жылдың 1 желтоқсан күні Бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде жаңадан ту көтерген мемлекеттің басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Жиналғандарды Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы айтулы күнімен аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Елбасының есімі – Егемендік, Тәуелсіздік, ұғымдарымен қатар айтылады. Бұл мереке тәуелсіз еліміздің даму жолындағы барлық жетістіктердің айқын айғағы болып саналады.
Мерекелік іс-шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен біршама азаматтарға аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Жиын мерекелік концертке ұласып, Мәдениет үйінің қызметкерлері әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті.