«Мектепке қарызсыңдар»: Шымкенттік ұстаздар жалақысыз отыр

Педагогтардың айтуынша, білім ұясының бас есепшісі ауысқалы ұстаздар мүлдем жалақы алмаған. Тіпті бас есепші қарызға кірдіңдер деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Екі жылдан бері шыдамы таусылған №115 мектеп ұстаздары шу шығарды. Айлығымыз толық берілмейді деген олар қарызға белшеден баттық деп отыр. Зейнетақы қорының аударымдары да бірде түсіп, бірде түспейді екен. Ал ол үшін қаржы ай сайын тұрақты түрде ұсталады.

«Әр келген есепші ақшамызды жеп кете беруі керек пе? Біз қашанғы жем бола беруіміз керек?», — дейді ұстаздар.

Мектеп мұғалімі Ғанима Пернешова жалықысы 187 мың теңге екенін айтады. Ал ол қолына небәрі 36 мың теңге алған.

«Менің несием бар, оны қалай төлеймін? Банк мені бірнеше ай күтпейді ғой. Ұжымдағы жастар үй аламыз деп бір айлыққа қарап отыр. Зейнетақы қорына түсетін аударымдар да тұрақты емес», — дейді педагог.

Мұғалімдердің айтуынша, мектептің бас есепшісі ұстаздарға қарызсыңдар дейтінді шығарыпты. Соның салдарынан оқу жылы басталғалы мектепте жарық пен интернет желісі жиі өшетін көрінеді. Ал мектеп директоры болса, ұжымның мәселесін шешуге асығар емес. Керісінше, шу шықпасын деп қызметкерлерін ауызша ғана сабырға шақырып отыр екен.

Ал Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева №115 мектепке басқарма тарапынан айлық жалақы ретінде тиісті қаржы тұрақты түрде аударылып келген дейді. Бұл туралы ол мектеп ұжымымен онлайн форматта өткізген жиын кезінде айтты. Енді білім ордасының бас есепші жұмысы құзырлы органдар тарапынан тексерілетін болады.

«Зерделеу жұмыстары кезінде мектептің бас есепшісі денсаулығына байланысты демалыста екені анықталды. Ол бұл қызметті екі жылдай атқарған. Ол айлық есептеуде заң талаптарын сақтамай жүргізгені анықталды. Мен мұны бас есепшінің жауапсыздығы деп ойлаймын. Оның әрекеттерінде қылмыстық істерге қатысты күдік бар деген айыппен құзырлы органдарға хат жіберілді», — деді басқарма басшысы.

Шымкенттің бас ұстазы осы жағдайдан соң мектеп директоры жұмысынан босатылғанын мәлімдеді. Егер мемлекеттік ішкі аудит пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері заңбұзушылықтарды анықтаса, ұстаздардың жалақысы төленеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *