Атырау облысы Құлсары қаласында 25 жастағы жігіт жеті баланың анасын пышақтап өлтірген болатын. Ол әйелге 900 мың теңге несие алып берген. Туыстарының айтуынша, қылмыстың басты себебі — әйелдің несиені төлемеуі, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Жеті бала анасыз қалған отбасы әлі де қара жамылып отыр. Оның үш және жеті күндік қаделерін өткізген. Олар 25 жастағы жігітті кешірмейтіндерін айтады. Ал күдікті жігіттің туыстары, әйел оған 900 мың теңге несие алғызған деп отыр.
— Екеуінің арасында несие ғана емес, қызғаныш та болды ма, білмеймін. Інімнің әйелді өлтіргеніне сенбедім. Ол адам өлтіретін бала емес еді. ЖСН арқылы қарағанда, оның 900 мың теңге несиесі бар екенін білдік, — дейді күдіктінің әпкесі Ләйлә Жангелова.
Әпкесінің сөзін күдіктінің анасы да растап отыр. Ұлы қылмыс жасағаннан кейін, үйіне келген.
— Несие алып беріп едім, соны төлемеді деп айтты. Қылмысты сол үшін жасағанын айтып, аяғыма келіп жығылып, кешірім сұрады. Мен айқайлап ұрыстым. Кейін полиция қызметкерлері ұстады, — дейді анасы Сұлу Қаржауова.
Күдікті бір күн бұрын 25 жасқа толған екен. Келесі күні кешке қарай әйелмен кездеседі. Қылмыс болатын күні әйел жұмыстан кеш шыққан. Кейін оны әкімдік ғимаратының жанында өлтіріп кетеді. Оның денесін кездейсоқ тұрғындар тауып алып, полицияға хабар берген.