Ұлттық Олимпиада комитеті 2022 жылы Бейжің ойындарына арналып тігілген Қазақстан құрамасының формасын көрсетті.
Қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарған форманың экипировкасында ел аты «Qazaqstan» болып таңбаланған.
Форма эко сапада, әлемдік киім тренттері қолданылып, ең жоғары талаптарға сай істелінген. Шеруге арналған киімді FISCHER компаниясына арнап Еуропаға тау шаңғысы экипировкасын экспорттайтын «SHISHKIN тігін мануфактурасы» тіккен.
Киімді тігу барысында спортшылардың өз ұсыныстары қарастырылған. Түсі аспан көк, қара және ақ таңдалған киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалған.
Форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов және Софья Берульцева.
Өз кезегінде көрсетілімге қатысушылар Олимпиадаға аттанушы спортшыларға қолдау көрсетіп, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бір аптадан соң Қазақстанның олимпиадалық құрамасы Қытайға жол тартады. 4 ақпанда әр төрт жылда өтетін — қысқы Олимпиада басталады.
Аймақ ақпарат
